Елімізде жаңа жылдан бастап жұмыртқа бағасы 70 теңгеге дейін қымбаттайды

Жаңа жылдан бастап он дана жұмыртқаның бағасы бірден жеті жүз теңгеге дейін өсуі мүмкін.  Өйткені, келер жылдан бастап үкімет жұмыртқаның бағасын еркін айналымға жібереді. Ал осы уақытқа дейін мемлекеттен жұмыртқа өндірісіне беріліп келген субсидия толығымен тоқтатылады. Яғни, Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлеріне қолдау көрсетілмейді. Субсидиясыз өмір сүре алмаймыз деген құс фабрикаларының қожайындары енді бағаны екі есеге дейін көтеруге мәжбүр боламыз дейді. Бұл туралы www.saryarqa.kz  ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарлдамасына сілтеме жасап. 

Солтүстіктегі отыз бес құс фабрикасының тек бесеуі ғана жұмыртқа өндірумен айналысады. Құс өсіріп, жұмыртқа шығарудың шығыны көп болғандықтан бұл салаға көбі келмейді дейді кәсіпкерлер. Мәселен, биылдың өзінде жем-азық екі есеге қымбаттап, солярканың бағасы бір жарым есеге көтерілген. Енді жаңа жылдан бастап субсидия төлеуді тоқтатса, жұмыртқаның бағасы екі есеге өседі дейді.

“Қазір жұмыртқаның бір данасының бағасы 35 теңгеден басталады. Ал субсидияны алып тастаса, оны кем дегенде елу теңгеден сатамыз. Енді қаншаға қымбаттайтынын санай беріңіз”, – дейді құс фабрикасы директорының орынбасары Александр Чесноков. 

Бұған дейін мемлекет құс фабрикаларына бір дана жұмыртқаға үш теңге субсидия төлесе, былтырдан бері оны екі есеге қысқартып тастаған. 2022 жылдан бастап жұмыртқа өндірісі үшін субсидия мүлде төленбейтін болыпты. Себебі, елімізде жұмыртқа тұтыну бойынша сұраныстан ұсыныс көлемі артып отыр. Ал субсидия енді Қазақстан өзін өзі толық қамтамасыз ете алмай отырған тауарларға ғана төлену керек дейді ауыл шаруашылығы басқармасындағылар. 

“Ауыл шаруашылығы министрлігінің ережесіне өзгеріс енгізілмесе, ендігі жылдан бастап жұмыртқаға субсидия төлемейміз. Жұмыртқа бағасын еркін айналымға жібереміз. Бұдан былай бағаны нарық өзі реттеуі тиіс болады”, – дейді СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Жасұлан Уәлибеков. 
Ал құс өсірушілер одағында фермерлер шілдеден бері жұмыртқаға субсидия ала алмай отыр деп мәлімдеді. Жергілікті әкімдіктер, ақша жоқ деп сылтауратады дейді. Руслан Шәріповтың сөзінше, көп құс фабрикалары әлі күнге дейін субсидиясыз өмір сүре алмайды. 

“35-40 теңгеден сатып отыр. Өйткені жемді ақтамайды. Қай инвестор шығынға жұмыс істегісі келеді? Ертең оны жаба салады. Отыз жылда көтерген өндірістен бір-ақ күнде айырыламыз”, – дейді ҚР құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов.

Қазақстанда қазірдің өзінде он құс фабрикасы жабылып қалған. Өйткені жем-азық пен жанармай қымбатшылығы кәсіпкерлерге кері әсерін тигізіпті. Ал жаңа жылдан субсидия төленбесе, жұмыртқаның бағасы 700 теңгеге дейін жетіп, фабрикалардың тең жартысы банкрот болады дейді мамандар.