Елімізде мысық пен иттің етін жеуге тыйым салынады

Қазақстанда тұңғыш рет үй жануарларының етін пайдалануға тыйым салынады. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова айтты.

Біз үйде ұсталатын барлық жануарды қамтитын тізім жобасын дайындадық. Иттер, мысықтар, тотықұстар, аламан (хомяк), ақ тышқандар дегендей. Бұл - үй жануарлары ретінде танылған жануарлардың негізгі классикалық тізімі , - деді Әлия Шалабекова ОКҚ-да өткен брифингте.

Үй жануарларының етін жегендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" жаңа Заңда қарастырылған.
Бұл өлтіруге, жануарға деген қатыгездікке жатады, сондықтан оған қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, - деді экология вице-министрі.

Оның айтуынша, уақытша паналау орнынан итті алған адамның кейін оны жеп қойған жағдайы болған. Жаңа заң бойынша уақытша паналау орнында иттің қандай жағдайда өмір сүріп жатқаны үнемі тексеріліп отыратын болады. Ал, сатып алынған немесе сыйға тартылған үй жануарларына келетін болсақ, бұл арада кейбір жауапкершілік көршілерге жүктелетін болады.