Дәрігерлер екі жасар балаға мерзімі өткен препарат салған

Ақтауда екі жасар қызға жұқпалы аурулар ауруханасында мерзімі өткен препарат салынған.


Қаңтар айынан бері дәрігерлер Руфина есімді бүлдіршіннің қызуы не себепті 38 градусқа дейін көтеріліп, аяқ-қолы тырысып қалатынын анықтай алмаған. Бүлдіршін қыркүйек айында ауруханаға үшінші мәрте түсіп, жеке зертхананың арнайы мамандарын шақырған кезде ғана цитамегаловирус диагнозы қойылған. Бұл ауруға қарсы препарат тиісті нұсқауларды қатаң сақтауды талап етеді. Науқас баланың анасының айтуынша, дәріні уақытында қолданбаса, жарамсыз болып қалады.

«Бұл препарат 24 сағатқа жарамды. Бала бір тәулік ішінде 2 рет қабылдауы тиіс. Сағат 2-де ашылды, яғни түнгі сағат 2-де берілу керек, келесі күні қолданбау керек. Олар үшінші күні препаратты қайта пайдаланды. Ал жарамдылық мерзімі өтіп кетті», - деді Ақтау қаласының тұрғыны Жұлдыз Тадженова.

Оның айтуынша, жарамсыз препаратты салғаннан кейін қызының жағдайы күрт нашарлаған. Күніне баланың дене температурасы бірнеше рет 39 градусқа дейін көтерілген. Аурухана қызметкерлері орын алған жағдайды растады. Қызметкерлердің бірі өз кінәсін мойындады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық қызметкерден кешірім хатын қабылдап, оған сөгіс жариялады.

«Әзірге тек сөгіс жариялаймыз. Өйткені медбикенің қызметінде мұндай жағдай алғаш рет болып отыр. Қазір медбике өз кінәсін мойындап, баланың әкесінен кешірім сұрады. Мұндай цитамегаловирустық инфекция кезінде температура болуы қалыпты», - деп түсіндірді Маңғыстау балалар ауруханасы директорының орынбасары Гүлжан Ермекбаева. Алайда, зардап шеккен қыздың анасы сөгіс түріндегі жазаға қанағаттанбайды. Ол медицина қызметкерін жұмыстан шығарып, балаға сапалы медициналық көмек көрсету үшін елордадағы Ана мен бала ұлттық орталығына квота алуды көздеп отыр.