Алматыда 21 жастағы келіншек үшем босанды

Алматылық жас отбасында үшем дүниеге келді. Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 14 тамыз күні Алматы қалалық перинаталдық орталығының дәрігерлері 21 жастағы жүкті келіншекті қабылдап, босандырып алды. Ол үшемді дүниеге әкелді.

"Сәбилер мерзімінен бұрын 902 грамм, 924 грамм және 916 грамм болып шала туған. Дегенмен дәрігерлер осы екі қыз бен ұл баланың өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Дүниеге келген үшем бастапқыда тыныс алу апаратында болды. Күту кезеңі оң динамикасын көрсеткен соң, жаңа туған нәрестелердің жағдайы тұрақталып, жалпы бөлімшеге ауыстырылды. Қазіргі уақытта босанған әйел мен балаларының жағдайы қанағаттанарлық",- деп хабарлады басқармадан. 
Жас ана мен үшем бір жарым айдан кейін перинаталдық орталықтан үйіне шықты.
"Тағдыр бізге үлкен бақыт сыйлады. Бүлдіршіндерге Мұхаммед, Әмина және Сумая деген есім бердік", - дейді балалардың анасы Марал Жолдыбаева.

Алдағы уақытта балаларды отбасының тұрғылықты жері бойынша емхана дәрігерлері қадағалайды.