Алматы облысында мұғалім оқушының шашын кесіп тастаған

Алматы облысындағы мектептердің бірінде орыс тілі пәнінің мұғалімі оқушылардың көзінше кішкентай қыздың шашын қысқартып тастаған. Бұл туралы Malim.kz хабарлады.

Кеше Алматы облысындағы Қаскелең қаласындағы мектептердің бірінде орыс тілі пәнінің мұғалімі 0 сынып оқушысын тақта алдына шығарып қойып, шашын қысқартып тастаған. Шаш қысқартуын мұғалім барлық оқушылардың көзінше жасаған.

“Қызым үйге жылап келді. Ата-аналар чатында өзге балалар да мұны растап отыр. Бұл бала үшін үлкен психологиялық соққы ғой”, - дейді қыздың анасы.

Мұғалім бұл әрекетін жақсы ниетпен жасағанын айтып, енді қыздың отбасымен «прокуратурада көрісетінін» жеткізді.

«Шашын алсам, оны тек жақсы ниетпен жасадым. Қыздың басын бит басқан. Оның үстіне маңдайында соққыдан қалған жара бар, әкесі қол көтерген. Оны айтып, анасы өзі үнемі шағымданатын. Бұл отбасының деректерін прокуратураға беріп қойдым, сонда кездесеміз», - деді де Светлана Анатольевна телефонды қоя салды, кейінгі қоңырауларымызға жауап бермеді.

Дегенмен, оқушы шашын ата-ана рұқсатынсыз кесіп тастаған мұғалім Светлана Анатольевна жұмыстан шығарылғаны белгілі болды. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Назгүл Константиновна бұл ақпаратты растады.

«Ол кісі бізде қосымша қызметте істейтін. Кешегі оқиғадан соң бірден жұмыстан шығарылды», - деді ол. Ал осы материалды жариялайтын сәтте қыздың анасы редакцияға қайта хабарласып, мектептің атын атап жазбауды сұрады.

«Мектептің түк кінәсі жоқ. Басшылығы әлгі мұғалім үшін кешірім сұрады. Психологпен сөйлестірді, жаңа мұғалім де келіпті» деді ол.

Шашын мұғалім кесіп тастаған алты жасар қызда “көбелек синдромы” - буллезді эпидермолиз синдромы бар екен. Мұндай балалардың терісі өте нәзік келеді: тиіп кетсең, терісі қанай жөнелуі мүмкін.