Жезқазған мен Ұлытауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия қалай жүзеге асырылуда

Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдар Жезқазған мен Ұлытауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылуын тексерді.

Нұрлан Шабдар Жезқазғанда жаңа «Өркен» мектебін, әкімдік ғимаратындағы Open Space және жастардың бос уақытын өткізу орталығын аралады. Сондай-ақ, ол Жошы хан кесенесінің қайта жөнделу барысымен және «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысымен танысты.

Қала әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысында Нұрлан Шабдар маңызды заңнамалық жаңалықтар туралы хабардар етті.

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізуде кейбір қылмыстық-құқықтық шаралармен тиісті нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес. Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру жөніндегі жұмысты жақсарту қажет, – деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшысының орынбасары.

«Жарқын ақыл» білім және даму орталығында Жезқазған қаласының жас депутаттарымен пікір алмасу өтті. Әңгіме оқу орындарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жайында өрбіді.

Сонымен қатар ZOOM платформасында Нұрлан Шабдар жезқазғандықтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшысының орынбасары барған келесі орын «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының сапар-орталығы болды. Бұл осы аймақтағы туризмді дамыту бойынша үлкен жобаның бірінші кезеңі. Мұнда саяхатшылар Ұлытаудың табиғи және тарихи ескерткіштері туралы ақпарат алып, туроператорлардың қызметтерін пайдалана алады.

Сонымен қатар, Нұрлан Шабдарға Open akimat және Ұлытау ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығы таныстырылды. Мұнда тиімді жұмыс бір терезе және электрондық кезек қағидатына негізделген. Тұрғындар қандай да бір мемлекеттік қызметке құжаттарын тапсырып, жедел көмек ала алады.