Теміртау мектептеріне Әлихан Бөкейхан мен Бауыржан Момышұлының есімі берілді

Металлургтер қаласындағы екі білім ордасына қазақ елінің біртуар қайраткерлерінің есімі берілді.

Теміртау қаласындағы №15 қазақ мектеп-гимназиясы енді Алаштың ұлы тұлғасы - Әлихан Бөкейханның есімімен аталады. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1870-1937) - көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт-азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы.

Оқу орнының директоры Бағдат Нашкенов жаңа мектеп аты бүкіл ұжым, оқушылар мен ата-аналары үшін үлкен мақтаныш деп санайды.

- Жаңа жыл қарсаңында мектепке ұлт мақтанышы Әлихан Бөкейханның есімі берілді. Біз бұған өте қуаныштымыз, - деді Бағдат Нашкенов.

Теміртаудағы №23 мектепке халқымыздың тағы бір бірегей тұлғасы - Бауыржан Момышұлының есімі берілді.