Ауа райының қолайсыздығынан Нұрсұлтан-Теміртау тас жолында ірі жол апаты болды. Боран болады деген дабылды ескертуді елемей жолға шыққан 20 шақты автокөлік соқтығысып қалған, деп хабарлайды Saryarqanews.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
- Шықпай-ақ қойыңдар! Үйде болыңдар! Мына жақтан өте алмайсыңдар!
«Жолға шықпаңдар» деп өтініп те, өкініп те тұрған жүргізушінің өзі жаншылып қалған бірнеше көлікті көріп жағасын ұстады. Аршалы кентінен шыға берістегі көпірден түскенде көліктер бірін-бірі соққан. Апат орнында жүк көліктері де бар. Абырой болғанда адам шығыны жоқ.
Жолаушылар арасында болған жүкті келіншек пен кеудесін ұрып алған азамат аудандық ауруханаға жеткізілді. Екеуінің де өміріне қауіп жоқ дейді дәрігерлер. Қазір апат орнында құтқарушылар мен полиция жұмыс істеп жатыр. Апатқа ұшыраған 20 көлікке кеш қарая тағы бірнеше көлік келіп соғылған.