Дүкеннен бес рет азық-түлік ұрлаған Теміртау қаласының тұрғыны ұсталды

19 қарашада Қарағанды облысының Теміртау қаласы ПБ-ның Ескіқалалық полиция бөліміне супермаркеттердің бірінен бірнеше рет ұрлық болғандығы туралы арыз түсті. Полиция қызметкерлері күдіктінің азық-түлікті байқатпай алып кетудегі әрекетіне басты назар аударып, іздестіру жұмыстарына кірісті.

Күдікті сөредегі азықты көлеміне қарай таңдап, әр келген сайын 3-5 мың аралығында бағаланған заттарды жымқыруды әдетке айналдырған. Супермаркетте орналастырылған бейнебақылау камералары арқылы полиция қызметкерлері сөредегі заттарды аса сақтықпен алып жүргенін байқаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 55 жастағы ер адамды ұстап, оған қатысты Қылмыстық кодекстің 187-бабы «Ұсақ ұрлық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.