Аймақтағы спорт нысандарын салуға және жөндеуге 11 млрд теңге жұмсалды – Жеңіс Қасымбек

Қарағанды облысында алты дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Ауылда спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек тікелей эфирде өтіп жатқан есеп беру кездесуінде айтты.

- 2020 жылы спорт нысандарын салуға және жөндеуге 11 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Қарқаралы мен Теміртауда жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Биыл тағы алтауын қалаларда ғана емес, шалғай ауылдарда да салып жатырмыз, - деді облыс әкімі.

Мысалы, Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ тұрғындары бұқаралық спортпен айналысу үшін жағдай жоқтығына бірнеше рет шағымданған болатын. Бұл мәселе шешілді. Биыл кентте 100 орындық ДСК құрылысы басталады. Қаражат «Ауыл - Ел бесігі» арнайы жобасы арқылы бөлінді.

Ұлытау ауданының Қарсақпай кентінде де спорт нысанының тапсырылуын күтуде. ДСК құрылысы Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша қаржыландырылды. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталып, кесте бойынша жүргізілуде. Ашылу осы жылға жоспарланған.

Жеңіс Қасымбек алдағы екі жылда жаңа спорт нысандары ашылатынын айтты. Шахтинск, Жезқазған, Ұлытау ауданының Жезді ауылында, БұқарЖырау ауданының Ботақара кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынады.

Биыл Нұра мен Жаңаарқада екі жүзу бассейнін тапсыру жоспарлануда.

Қарағанды облысында бүгінде 3 155 спорт нысаны жұмыс істейді, оның 1 230-ы ауылдық жерлерде орналасқан.