Осакаров ауданын дамытуға бір миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді

"Ауыл - Ел бесігі" бағдарламасы бойынша Осакаров ауданына қарасты Молодежный кентіне биыл 1,3 миллиард теңге бөлінеді. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің ауданға жұмыс сапары барысында бюджет қаражатының нақты қайда жұмсалатыны туралы айтылды, деп хабарлайды Saryarqanews.kz облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бағдарлама бойынша алты жоба жүзеге асырылып, 70-ке жуық жұмыс орны ашылады. Мәдениет үйі, екі мектеп пен спорт кешені күрделі жөндеуден өтеді, сондай-ақ Молодежный мен Ақбұлақ ауылдарының екі жолы жөнделеді.

- Өткен жылы біз аудан орталығы мен жақын маңдағы ауылдарға назар аудардық. "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы бойынша Осакаровкадағы 54 көше жөнделді, орталықтандырылған жылуға қосымша білім беру орталығы қосылды, Уызбай ауылының су құбыры желілері салынды, ауылдарға кіреберіс жолдар жөнделді, Молодежный кентіндегі №7 қазандыққа және жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізілді, сондай-ақ орталықтандырылған жылуға тұрғын үйлер, мәдени-сауық орталығы мен "Айгөлек" балабақшасы қосылды. Биыл ауыл жастарына баса назар аударылатын болады, - деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс басшысы тұрғын үй мәселесін де қозғады. "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 60 пәтерлі жалға берілетін үйдің құрылыс алаңын аралап көрді. Жалпы Осакаров ауданы биыл әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұрған 120 отбасын пәтермен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Оң өзгерістерге қарамастан, жастар саласында проблемалық мәселелер де бар. Мысалы, Жеңіс Қасымбек жергілікті аурухананы жөндеу қажеттілігін айтты. Облыс басшысы ЖСҚ әзірлеуді тапсырды.

Жеңіс Қасымбек сондай-ақ Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстарының және Нұр-Сұлтан қаласын сумен қамтып отырған Қаныш Сәтпаев атындағы каналдың №19 сорғы станциясында болды. Сондай-ақ  "Kazakhmys Coal" ЖШС жұмысымен танысты. Кәсіпорын жыл сайын Борлинский деп аталатын көмірдің шамамен 8 миллион тоннасын шығарады.