Бүгін – Рейхстагқа жеңіс туы тігілген күн

30 сәуір - Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың Рейхстагқа ту тіккен күні.

Рақымжан Қошқарбаев Ақмола облысының Целиноград ауданында туған. 1942 жылы әскерге алынған. 1944 жылы қазан айынан бастап Бірінші Белоруссия майданында 150-атқыштар дивизиясы құрамындағы взводты басқарып, Польша мен Германиядағы ұрыстарға қатысқан. 1945 жылы 30 сәуірде лейтенант Рақымжан Қошқарбаев жауынгер Григорий Булатов екеуі Берлинді алу кезінде елдің жоғары заң шығарушы органының ғимараты – Гитлер Германиясының символы болған Рейхстагқа Кеңес Одағының туын тікті.

1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстагқа ту тіккені туралы тарихи оқиға тек 2007 жылдың 7 мамырында ресми түрде растады.

Рақымжан Қошқарбаев Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды. 1947-1967 жылдары Ақмола облыстық атқарушы комитетінің нұсқаушысы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармасының инспекторы болды. 1967 жылдан «Алматы» қонақ үйінің директоры қызметін атқарған.

 «Қызыл ту», «1-ші дәрежелі Отан соғысы» ордендері мен «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарының иегері. Рейхстагқа ту тіккені үшін «Жауынгерлік Қызыл ту» орденінің иегері болды. Ал 2001 жылы «Халық қаһарманы» атанды.