Қарағанды облысындағы Матақ ауылының тұрғындары ауызсусыз отыр

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Матақ ауылында ауыз су жоқ. Тұрғындар тұщы суды 70 шақырым жерден тасып ішіп отыр. Ауыл әкімі құдық қазып, құбырларды жаңарту үшін қаржы сұраған. Бірақ одан нәтиже болмапты,-деп хабарлайды Saryarqanews.kz порталы «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасына сілтеме жасап.

2006 жылы Матақ ауылына мемлекеттік бағдарламамен ауыз су торабы тартылған. Сол кезде қазылған скважинаның тереңдігі 17 метр ғана. Яғни суы ащы. Шала орындалған жұмыс белгісіз себептермен жергілікті биліктің тарапынан қабылданып кеткен. Содан бері тұрғындар сапасыз судың зардабын тартып келеді.

500-ге жуық тұрғыны бар ауылдың көшелеріне қойылған 13 колонканың тек 2-уі жұмыс істеп тұр. Бірақ оның өзі ішуге жарамсыз. Тұрғындар ащы суды тек шаруашылыққа пайдаланады.

«Бұл жақта екі-ақ колонка жұмыс істейді. Оның өзінде су жоқ, су ақпайды. Құр әйтеуір тұрған есебі. Енді құдықтан ішейік десек, оның суы да ішуге келмейді. Біз көшіп келгелі өзі 10 жыл болды. Сол 10 жылдан бері осы ащы су. Су алып ішіп көрген жоқпыз, мынау құр тұр.», дейді ауыл тұрғыны Рымкеш Мұсабекова.

Ауылға таза су беру үшін ұңғыманың тереңдігі кемінде 50 метр болу керек, дейді мамандар. Бұған қоса техникалық сараптамаға сәйкес су торабы да әбден тозған. 5 шақырым құбыр мен су мұнарасын ауыстырып, құдық қазу керек. Ол үшін қаржы қажет.

«Біз аудандық бюджеттен бюджет комиссиясына жобалық-сметалық құжатты әзірлеуге өтініш жолдағанбыз. Олар қаражаттың жетіспеуіне байланысты бізге келісім бермеді, өтінішіміз қарастырылмады. Алдағы уақытта тағы да өтініш, бюджеттік өтінім тапсыруға құжаттарымыз дайын тұр.», дейді Қарқаралы аудандық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Жасұлан Сыздықов.

Өкінішке қарай, қаржы қарастырылғанша тұрғындарға суды тасып ішуге тура келеді.