«Ortalyq Qazaqstan» республикадағы топ-5 газеттер қатарында

Қазпошта қазақстандықтар арасында көп оқылатын газет-журналдардың тізімін жариялады. 90 жылдық тарихы бар «Ortalyq Qazaqstan» газеті өңірлік басылымдардың  үздік бастігіне енді.

«2021 жылдың бірінші тоқсаны қорытындысы бойынша «Қазпошта» АҚ арқылы Қазақстанда газеттер мен журналдарға жазылудың жалпы көлемі 55,6 млн дананы құрады. Республикалық газеттердің үздік бестігіне «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Полиция KZ», «Қазақстан теміржолшысы» және «Ұйғыр авази» басылымдары кірді. Аймақтық көшбасшылар арасында «Жетісу», «Ақтөбе», «Оңтүстік Қазақстан», «Аq Jol», «Орталық Қазақстан» газеттері бар», - делінген «Қазпошта» АҚ баспасөз хабарламасында.

Елімізде  барлығы 170 республикалық және 543 аймақтық газет жазылым бойынша таратылады. Жазылудың жалпы көлеміндегі республикалық басылымдардың үлесі 44%, өңірлік басылымдардың үлесі 54% құрады. Тираждың 2%-ы халықаралық мерзімді басылымдарға тиесілі.

«Газеттер мен журналдарға жазылу ауылдарда көп тіркелген. Жазылудың жалпы көлемінде оның үлесі 71% құрайды. Ауыл тұрғындары облыстық, қалалық және аудандық басылымдарға жазылғанды (жалпы тираждың 58%-ы) жөн көреді», - делінген хабарламада.

Жазылу бойынша Қазақстанның өңірлері арасында Алматы, Ақтөбе, Қарағанды және Жамбыл облыстары көш бастап тұр.

 «2020 жылдың қорытындысы бойынша жазылудың жалпы көлемі 90,3 млн дананы құрады. Биылғы жылдың екінші жартыжылдығына жазылу 5 сәуір күні басталды. Жыл соңында көрсеткіштер 25-30% өседі, бірақ тұтастай алғанда өткен жылдың көрсеткішінен аспайды. Біз электронды басылымдарға көшу – жалпы әлемдік тренд екенін түсінеміз. Оны қазақстандық статистика да растайды», - деді «Қазпошта» АҚ «Пошталық сервис» филиалы директоры Нұржан Жабаев.