Қарағандыда біраз уақыттан бері "әлеуметтік патруль" мобильді қызметі жақсы жұмыс атқаруда. Бұл қызмет түрі белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар туралы ақпаратқа жедел жауап беруге арналған. Қызмет мамандары өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесу мақсатында арнайы орталыққа жеткізеді.
Арнайы орталықта оларға алғашқы медициналық қызмет көрсетіледі және жақсы жағдай жасалады. Осы орталыққа жетекшілік ететін Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қарағандылықтардан бей-жай қалмауды сұрайды. Егер сіз көшеде көмекке мұқтаж үйсіз адамды көрсеңіз, 50-32-44, 50-32-45 телефондарына қоңырау шалыңыз. Қоңыраулар жұмыс күндері сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін қабылданады.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды оңалтуға арналған орталық Архитектурная көшесі, 10-шы үйде орналасқан. Мекеме 50 орынға шақталған.
Орталық барлық арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетеді (құжат дайындау, зейнетақылар мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды рәсімдеу). Сондай-ақ аталған мекеме жұмыспен қамтамасыз ету, жатақханаларға немесе медициналық-әлеуметтік мекемелерге орналастырумен айналысады.