Қарағанды облысында QR-код арқылы мемлекеттік ұйымдардың бюджетін білуге болады

Қарағанды облысында "Ашық бюджеттердің интерактивті картасы" жобасы іске асырылуда. Бірыңғай платформада (https://publicbudget.kz) бюджет қаражатының жұмсалуы туралы мәліметтер орналастырылады. Ақпарат нақты уақыт режимінде көрсетіледі. Картаның көмегімен әлеуметтік нысандарға - мектептерге, ауруханаларға, балабақшаларға және т. б. қанша қаражат жұмсалғанын білуге болады.

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы "Адалдық алаңы" жобасының аясында "Ашық бюджеттердің интерактивті картасы" платформасы құрылды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысының осы бағыттағы жұмысын атап өтті. Оның ішінде ақпараттық жүйеде ұйымның парақшасына сілтеме жасай отырып, QR-код орналастырылған ғимараттарға тақтайшаларды орнатуға оң баға берілді, - деп хабарлады "Сарыарқа - адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің басшысы Малика Күсенбаева.

Қазіргі уақытта картада Қарағанды облысының жалпы сомасы 898,3 млрд. теңгеге 1 331 ұйымының бюджеттері орналастырылған. Мұның бәрі мемлекеттік органдар мен бюджеттік мекемелер.

Ерекеше жоба ақпаратқа қол жеткізуді жеңілдетеді. Карта - бұл билік пен азаматтық қоғам арасындағы тікелей байланыс арнасы.

«Адалдық алаңы» жобасы шеңберінде Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында қазірдің өзінде 14 "Ореn әкімдік"  сервистік орталығы жұмыс істейді. Ауылдық округтерде 202 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары құрылған. Осы аптада Саран қаласы мен Ақтас кентінде сервистік орталықтар ашу жоспарлануда. Желтоқсан айының соңына дейін  Балқаш, Бұқар Жырау және Қарқаралы аудандарында ашылады.