«Арай» базарын өртеген екі күдікті ұсталды

Қарағандыда екі күдікті ұрлық фактісін жасыру үшін қасақана өрт ұйымдастырған, деп хабарлайды Saryarqa News Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

21 қазан күні түнде Қарағанды қаласындағы «Арай» базарындағы контейнерлердің бірінен өрт шыққан. Өрт тез өршіп, жалын қасындағы сауда орындарын түгел шарпыған. Салдарынан 14 контейнер отқа оранып, жалпы көлемі 200 шаршы метр аумақ зардап шеккен.

Полиция қызметкерлері өрт – техникалық сараптама қорытындысы бойынша өрттің қасақана ұйымдастырғанын анықтады. Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 202-бабы 2-тармағына (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Қылмысты ашу мақсатында жедел-тергеу тобы құрылды. 22 қазан күні криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 28 және 51 жастағы екі азаматты анықтады. Полиция қызметкерлері Ақмола облысының тұрғыны болып табылатын бірінші күдіктіні Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінен ұстаса, Шахтинск қаласының тұрғыны болып табылатын екінші күдіктіні Қарағанды қаласында қолға түсірді. Ұсталған екі азаматта өртті өздері жасаған ұрлық фактісінің ізін жасыру үшін ұйымдастырғандарын мойындады. Қазіргі таңда күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу амалдары жүргізілуде.