"Балқаш көлі маңында Қытай зауыты салынбайды"

Әлеуметтік желіде Ақтоғай ауданына қарасты Шашубай кентінің маңында қорғасын зауыты салынатыны жөнінде түсірілген бейнеролик қызу талқыға түсіп жатыр. Бейнежазбада кенттегі жағалау жанына Қытайдың қорғасын және мышьяк зауыты салынатындығы айтылады.

«Шашубай кентіндегі жағалау маңына Қытай кәсіпкерлері қорғасын зауытын салайын деп жатыр. Сол үшін бұрынғы цинк зауытынан аса улы қорғасын ұнтағы әкелініп жатыр. Бұл жердің көл жағасы екендігі , суды қорғау аймағы екендігі ешкімді алаңдатпайды. Жергілікті әкімдік те шағын және орта бизнесті тексеруге салынған мораториге байланысты тексере алмайды»,-делінген бейнежазбада.

Аталған мәселе бойынша Ақтоғай аудандық әкімдігі түсініктеме берген болатын. Онда кент маңында ешқандай зауыттың салынбайтындығы айтылған.

«Шашубай кенті маңындағы «КазЗолото» бұрынғы кен өндіру кәсіпорын мекемесі аумағында Балқаш қаласындағы «ҚазақМыс» корпорациясынан қорғасын ұнтағы тасымалданып, бүгінгі күні жабық ғимарат ішінде сақталуда. «LEM&ka» кәсіпорыны Алматы қаласында орналасқан. 2021 жылы мамыр айында арнайы зертханалық тексерістен өткізілді және ешқандай зиянды зат анықталмады. Кәсіпорын басшыларының қолында жұмыс жүргізуге арналған рұқсат етілген толық құжаттары бар. «КазЗолото» аумағында завод не болмаса фабрика ашылмайды, тек қорғасын ұнтағы арнайы қаптарға салынған қалпында жабық ғимарат ішінде сақталады. Кейін, кәсіпорын басшыларының айтуы бойынша Семей қаласына жөнелтіледі», делінген түсініктемеде.

Әкімдік тарапы осы бағыттағы мәселе бойынша барлық құжаттар көшірмелерін ұсына отырып аудан әкімі атынан Қарағанды облыстық прокуратурасына хат жолданғанын айтты.