Автобусқа жарымаған Ақтоғай

Сонау кеңес тұсында Қарағанды – Ақтоғай арасында «ЛАЗ», «ЛиАЗ» маркалы үлкен, жайлы автобустар қатынайтын. Тіпті, ауданның өзіне тиесілі автопарктен ауыл арасында «ПАЗиктер» жүріп тұратын. Бұл көліктер сол уақыттың ең озық техникалары еді. Тек, қазір уақыт басқа… Бұл көліктерді қазір тек кеңестік кеңістіктен шыққан елдер ғана пайдаланады. Тәуелсіздік алғалы бері ақтоғайлықтардың тақымына осы кеңестің көк есек – «ПАЗиктен» өңге жібі түзу, дені дұрыс автобус бұйырмай-ақ қойды.

Бір айдың жүзі болды, ақтоғайлықтар сол кәрі сүйек «ПАЗикке» зар болып қалды. Қарағанды бағытында жүретін автобус маршруты тоқтап тұр.

Себебін сұрап, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Қапашовқа барған едік. «Қарағанды – Ақтоғай, Ақтоғай – Балқаш бағытындағы тасжол – облыс дәргейінде. Сәйкесінше, жолаушы тасымалдау мәселесімен де «Қарағанды облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ шұғылданады. Ал, жолаушылар тасымалдауды «Манас» ЖШС қамтамасыз етеді. Халықтың талап-тілегін негізге алып, аудан әкімі аталмыш серіктестік басшылығынан Қарағанды – Ақтоғай маршрутына заман талабына сай «Спринтер» немесе «Икарус» сынды жайлы автобус жүргізу туралы қатынас жолдаған. Тек, халық пен аудан әкімінің ол талап-тілегі әзірге орындалар түрі көрінбейді», – деген жауабын естідік.

Жолаушы тасымалдаумен айналысатын «Манас» ЖШС-нің автобусты шығармай отырған басты себебі – осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан беріліп келген субсидия тоқтатылған. Екіншіден, Қарағанды – Ақтоғай маршрутында жүретін автобус рентабельді емес. Автобус қызметіне жүгінетін жолаушы аз, жол шығынын ақтамайды дегенге саяды. Бұл мәселенің бір қыры.

Ел қазір арзан автобустан гөрі, жолақысы екі есе қымбат таксилердің қызметіне жүгінеді. Жұрт қаражаты қалтасын шіреп, байлығы тасып бара жатқаннан таксиге мінбейді. Жолдың қиындығы мен көліктің жайсыздығынан қашады. Техниканың қарыштап дамып кеткен шағында эксплуатацияға сонау жетпісінші жылдары енген тасбақа «ПАЗ» автобусы жолаушылардың талғамы мен сұраныс үдесінен шыға алмай отырғаны екі бастан белгілі жайт. Содан ел қымбат та болса, таксилердің қызметіне жүгінуге мәжбүр.

«Манас» ЖШС «Икарус» сынды автобус шығармаса да жергілікті атқарушы билік сұрап отырған жайлы, жылытқыш-желдеткіші ұрып тұрған «Спринтер» көлігін Қарағанды – Ақтоғай бағытына қойса, ақтоғайлықтар желдей жүйткіген, жолпұлы қалталары көтеретін көлік қызметінен, бас тарта қоймас еді. Жолаушы тасымалдау құқығын жеңіп алған кәсіпорын, сервистік қызмет түрлерін жетілдіріп, заман талабына сай көрсетіп, техникаларын жаңалауы керек емес пе? Сонда «құда да, құдағи да тыныш»

Қалай дегенде, автобус мәселесі – ақтоғайлықтарды талайдан бері мазалап келе жатқан, өткір тақырып, өзекті мәселе. Ақтоғайлықтар көптің көңілінде жүрген көкейкесті проблема облыс әкімі мен «Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ басшылығының назарына ілініп, күн тәртібінде көтеріліп, шешімін табатынынан әлі де дәмелі.

 

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,

АҚТОҒАЙ ауданы.