Абай, Осакаров және Жаңаарқа аудандарының орталық ауруханаларына ең соңғы үлгідегі заманауи технологиялармен жабдықталған жылжымалы медициналық кешендер (ЖМК) беріледі. ЖМК пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға және шалғай елді мекендерде көрсетілетін қызметтер спектрін кеңейтуге мүмкіндік береді.
ЖМК арқасында дәрігерлер бригадалары аудан орталықтарынан 100 шақырым және одан да шалғай жерде тұратын адамдарға скринингтік және кәсіби тексеру жүргізу мүмкіндігі пайда болды. Сондай-ақ, қажетті медициналық көмекте көрсете алады.
Жылжымалы медициналық кешендер Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауытында өндірілді. Отандық өндіріс автомобилінің негізінде құрылған кешен зерттеулердің кең спектрін көрсетуге арналған. Арнайы автомобиль цифрлық жабдығы бар жеті кабинеттен тұрады. Бұл қабылдау кабинеті, жалпы тәжірибе дәрігерінің аймағы, талдауларды қабылдау аймағы, акушер-гинеколог кабинеті, дәріхана пункті, функционалдық және сәулелік диагностика кабинеттері.
ЖМК-де рентген және флюорография жасауға болатын арнайы қорғасын бөлмесі бар. Сонымен қатар, кешен мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдау үшін пандус-лифтімен жабдықталған.
2020 жылдың 23 қазанына дейін Қазақстан өңірлеріне 100 ЖМК жеткізіледі.