Қарағандылық полицейлер донор болды

Қарағанды қаласының патрульдік полиция полкінің қызметкерлері қан тапсыру акциясына қатысуда. Іс-шара он күн аралығында өтеді. Қан орталығына донор ретінде күн сайын 25-30 полиция қызметкері барады.

- Мен үнемі қан тапсырамын, кәсіби донормын деп айтуға болады. Қанымның тобы төртінші. Ол ең сирек кездесетін топ, сондықтан сұранысқа ие дейді. Рәсімді өте жақсы өткердім, өзімді қалыпты сезінудемін, - дейді рота командирі Дәулет Ысқақов.

Патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары Дархан Әлүбаев донор болу игі және қажетті іс деп санайды.

- Біздің полк қан тапсыру бойынша акция өткізуді шешті. Осылайша ЖКО кезінде зардап шеккен адамдарға, сондай-ақ біздің облысымыздың қан құюға мұқтаж тұрғындарына көмек көрсетпекпіз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жүргізушілерден көлік құралдарын жүргізу кезінде жол қозғалысы ережелерін сақтауды, ал жаяу жүргіншілерді жолды қатаң белгіленген жерлерден ғана өтуді сұраймын. Баршаңызға денсаулық пен бақыт тілеймін. Өздеріңізді қорғаңыздар! - деді облыс тұрғындарына Дархан Әлүбаев.

Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша