Саран қаласындағы «QazTehna» зауытында құрастырылған Yutong маркалы 24 жаңа автобус қала ішілік маршруттарға шықты. Жаңа қоғамдық көліктер заманауи талаптарға және Евро-5 экологиялық санатына сәйкес келеді. Арбаға таңылған мүгедектерге арналған пандустармен балалы аналарға арналған орындармен жабдықталған. Жалпы сыйымдылығы – 51 адам.
«Таксокомбинат-1» ЖШС көлік құралдарын «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-нан жеңілдікті лизинг бағдарламасының арқасында сатып ала алды. Бір автобустың құны 37 млн теңге. Осылайша тасымалдаушы компания паркі 25%-ға жаңартылды.
– Бірінші кезекте автобустар №01 және 30 маршруттар бойынша жүреді. Сондай-ақ, біз №7, 013, 28, 31 бағытында қызмет көрсетеміз. Автобустар электронды билеттеу жүйесіне дайын, – деді «Таксокомбинат-1» ЖШС директоры Алексей Пен.
Саран қаласында жасалған автобустардың сапасын Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек көріп қайтты. Өңір басшысының айтуынша, алдағы 2-3 жыл ішінде Қарағанды, Теміртау, Саран және Жезқазғандағы қоғамды көліктер барынша жаңартылады.
- Маусым айында "Рейс" ЖМ тасымалдаушысына 16 жаңа автобус және Саран қаласының автопаркіне 15 автобус жеткізіледі деп күтілуде. Сондай-ақ Жезқазғанға 30 жаңа автобус жеткізіледі. Бұған қоса, Теміртауға Семейден 20 автобус әкелінді. Алдағы уақытта тағы 55 автобусты жеткізу жоспарлануда,-деді Жеңіс Қасымбек.