Tengri Bank-тің экс-басшысы ұсталды

Tengri Bank директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Ержан Шайкенов ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Қаржы мониторингі жөніндегі агенттікке сілтеме жасап.

"Иә, ұсталғанын растаймыз. Шайкенов қылмыстық-процестік кодекстің 128-бабында көзделген тәртіппен ұсталды. Басқа ақпарат әзірше жария етуге жатпайды", - деп хабарлады агенттікте.

Шайкенов 2019 жылдың маусымынан 2020 жылдың мамырына дейін Tengri Bank басқарма төрағасының қызметін атқарды. 2020 жылдың шілдесінен бастап Tengri Bank директорлар кеңесінің төрағасы қызметінде болды. 2021 жылдың ақпан айында аталған банк мәжбүрлі түрде таратылды.

Еске сала кетсек, 2020 жылдың қыркүйегінде Tengri Bank банктік және басқа да операцияларды орындау лицензиясынан айырылды. Клиенттердің және банктің өзінің банк шоттары бойынша барлық операция тоқтатылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банкке қатысты 11 бақылаушылық әрекет ету шарасын қабылдап, әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы 36 хаттама толтырды.

2020 жылдың қарашасында Қаржы министрлігінің қаржы мониторингі комитетінің экономикалық тергеулер қызметінің жетекшілігімен ведомствоаралық жедел тергеу тобы банктің 5,4 миллиард теңгеден астам қаражатын жымқыру фактісі бойынша "Tengri Bank" АҚ-ның бұрынғы топ-менеджментіне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатқаны белгілі болды.

Ақпан айында "Tengri Bank" АҚ-ның бұрынғы басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу аясында "Tengri Bank" АҚ әкімшілік-шаруашылық департаментінің экс-басшысы Бақытов Алмас Бақытұлына және оған бағыныстағы компаниялардың бірінде басшы болған Рахметова (Байжанова) Тоғжан Тілеужанқызына іздеу жарияланғаны туралы ақпарат тарады.