Келер жылы Қазақстанда «Google салығы» енгізіледі

Былтыр Салық кодексіне толықтыру мен өзгеріс енгізілу туралы заңға қол қойылған. Құжатта электронды қызмет көрсететін шетелдік компанияларға салық салу ережесі бекітілді. Ұлттық экономика министрлігі сарапшыларының айтуынша, шетелдік компаниялар қосымша құн салығын 12 пайызбен төлейді. Цифрлық даму министрлігіндегі мамандар «Google салығы» деп аталып кеткен төлемнен Ресей бюджетіне 3 жыл бұрын 70 млрд теңге, Беларусь еліне 3,5 млрд теңге түскенін жеткізді. Ал біздің бюджетке алдын ала есептеу бойынша 2 млрд теңге салық түсуі мүмкін.

 «Телефонымыздағы қосымшаларға ай сайын ақша төлеп отырамыз. Бірақ оны төлегенде Қазақстан азаматтарынан пайда алып жатып, Қазақстанға салық төлемейді», дейді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі департаментінің директоры Дархан Ахмедиев.

«Шетелдік компаниялар Қазақстанда тіркелуге міндеттеледі. Қазақстан аудиториясынан таза табыстың бәріне салық салынады» , деп атап өтті ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бас сарапшысы Жазира Мыңбаева.