Ағымдағы жылы Қарағанды облысында 2,6 трлн теңгені құрайтын өнеркәсіп өнімі өндірілді

Қарағанды облысында өнеркәсіп саласы тұрақты дамуда. Соңғы 11 айда өндіріс көлемі 2,6 трлн теңгені құрады. Өңдеуші секторда өнім шығару 5%-ға ұлғайды. Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек даму қарқынын сақтау үшін әрбір кәсіпорындағы жағдайды қадағалауды тапсырды.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамды қорытындылары туралы экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте баяндады.

- Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі ағымдағы жылдың 11 айында 3% өсіммен болжануда. Ақшалай мәнде бұл 2 трлн 590 млрд теңге. Өңдеу өнеркәсібінде 5%-ға өсу күтілуде. Тау-кен өнеркәсібіндегі көлемдер өткен жылдың деңгейінде, - дейді басқарма басшысы.

Өңірде темір және мыс кенін өндіру артты. Болжамдық деректер бойынша темір өндірісі 25,7%-ға, тазартылған мыс өндірісі 5,2%-ға ұлғайды.

11 айда инвестициялар шамамен 580 млрд теңгені құрайды. Өңірде 88 684 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді.

Облыста биыл тұрғын үй құрылысы ұлғайды. Жыл қорытындысы бойынша 525 мың ш.м. енгізу жоспарлануда - бұл 2019 жылғы көрсеткіштен ширек есеге асып түседі. Қазірдің өзінде 17,5% өсіммен 437,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Ауыл шаруашылығында оң динамика байқалады. Алдын ала деректер бойынша, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру 3,5%-ға, өсімдік шаруашылығында 5,9% ға ұлғайды.

- Жалпы, біз тұрақты көріністі байқап отырмыз. Өсім барлық салалар бойынша жүріп жатыр. Эпидемиологиялық жағдай мен карантиндік шараларға қарамастан, өнеркәсіптік кәсіпорындардың еңбек ұжымдары оң динамиканы қамтамасыз ете алды. Өнеркәсіп барлық кезеңде тұрақты жұмыс істейді. Әсіресе, өңдеуші сектордағы өсім қуантады. Бұл қарқындарды сақтап қалу қажет. Біздің ЖӨӨ-нің жартысы – бұл өнеркәсіп. Ірі жүйе құраушы компаниялардың айналасында көптеген шағын кәсіпорындар жұмыс істейді. Қалалар мен аудандардың әкімдері әр кәсіпорынмен, әр инвестормен нақты және бағытты түрде жұмыс істеуі керек. Жаңа инвестициялар – бұл жаңа жұмыс орындары. Бұл әр әкімнің жұмысын бағалаудағы маңызды екі көрсеткіш, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

2020 жылға облыста 2,7 трлн теңге көлемімен өнеркәсіптің 3,3%-ға өсуі жоспарланған.