Коронавирустың екінші толқыны өте қауіпті. Осы тұрғыда вакцина салдырудың маңызы зор. Сырқаттың салдарымен күрескенше алдын алған әлде қайда тиімдірек. Жалпы вируспен күрес шаралары мен дәрігерлердің қауіпті аймақтағы жұмысы жайлы Мақажанов атындағы жұқпалы аурулар ауруханасының меңгерушісі Джамаледдинов Видади Сохрабович айтып берді.
Дәрігердің айтуынша, індет басталғалы бері медицина мамандары тоқтаусыз жұмыс істеген. Тіпті туғандарын айлап көрмеген әріптестері бар екен.
«Қазір бөлімшеде 30 дәрігер жұмыс істейді. Олар — инфекционистер, пульмонологтар, терапевттер, және реаниматологтар . Олардың барлығы 30 тәуліктік ауысыммен қызмет атқарады. Жұмысқа шығар алдында міндетті түрде тест тапсырады. Вирустың бірінші толқынында дәрігерлер арасында коронавирус жұқтырғандар көп болды. Қазір жұқтыру дерегі айтарлықтай азайды.
Бүгінгі таңда біздің мамандардың арасында вирус жұқтырып, ауырған ешкім жоқ. Госпитальда дәрі-дәрмектер мен жабдықтар жеткілікті. Дәрігерлер тамақ және барлық қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Алайда емделушілер мен дәрігерлердің туыстарымен байланысы жоқ. Толығымен оқшауланып, телефон арқылы сөйлесуге мүмкіндік берілген. Мен өзім 21-ші желтоқсаннан бастап бөлімшедемін. Басқа дәрігерлер ауыссада мен әлі күнге дейін жұмыстамын»,- деді Видади Сохрабович.
Маманның сөзінше, қазір ағзадағы вирустық инфекция көбіне симптомсыз жүреді. Алайда симптомдардың алғашқы белгілері біліне бастаған кезден-ақ компьютерлік томографиямен тексеру кезінде өкпенің зақымдануы 50% - дан асуы мүмкін. Сондай-ақ, бірнеше күннің ішінде науқастардың күрт нашарлау тенденциясын байқалған.
«Алғашқы күні өкпенің 10-15% зақымдануымен келген адамдардың бірнеше күннен кейін зақымдану деңгейі 70-90% жетті. Бұл жағдайда да науқас өзін қалыпты сезініп, тыныс алу кезінде қиындықтар туындамайды»,- деп атап өтті дәрігер.
Вирус жұқтырғандардың көбі дәрігер көмегіне кеш жүгінген. Оның салдары орны толмас қайғымен аяқталатынын ақ халаттылар жиі ескертеді.
«Өкінішке орай ковидтің екінші толқынында вирус жұқтырғандар дәрігер көмегіне кеш жүгінуде. Наурыздан бастап бүгінгі күнге дейін коронавирустық инфекцияны емдеу хаттамасы бірнеше рет өзгерді. Біз инфекциямен күресте басқа елдердің тәжірибесін зерттейміз және тиімді тәсілге сүйенеміз. Бірінші толқыннан кейін пациенттерге тағайындайтын вирусқа қарсы және бактерияға қарсы препараттарда айтарлықтай өзгерді»,-дейді Видади Сохрабович .
Сондай-ақ дәрігер , қандай қиын жағдай болмасын маман кеңесіне жүгіну қайғылы оқиғалардың алдын алуға көмектесетінін айтты.
«Біз инфекцияның өте ауыр түрімен ауыратын науқастарды жиі құтқарамыз. Жақында өкпенің зақымдану көлемі 70% - дан асатын жеті адамды стационарлық бөлімшеге ауыстырдық. Қазір олар үйіне қайтуға дайындалып жатыр. Жақсы динамикаға қарамастан , 21 желтоқсаннан бастап бүгінгі күнге дейін тоғыз науқас қайтыс болды. Олардың барлығы қарт адамдар. Өкінішке орай, құтқару мүмкін болмады»,- деп атап өтті.
Мақажанов атындағы жұқпалы аурулар ауруханасының меңгерушісі Джамаледдинов Видади Сохрабовичте алғашқылардың бірі болып вакцина салдырған. Ұлт саулығы үшін басқаларғада вакцинациядан өтуге кеңес берді.
«Медицина қызметкері үшін вакцина өте қажет. Өйткені біз қауіпті аймақта жұмыс істейміз. Мен өзім вакцинаны алғашқылардың бір болып салдырдым. Халыққа айтар өтінішім — көпшілік жиналатын жерлерге барудан бас тарту керек. Сондай-ақ, қолды жиі жуу, антисептик қолданып, бетперде кию керек. Ең бастысы – өздігінен емделуді доғарған дұрыс. Дәрігерлер үшін мұндай науқастар басты мәселе болып тұр»,- деп Видади Сохрабович өз сөзін аяқтады .
Айта кетейік, әлемде коронавирус 103 млн 835 мың 414 адамнан анықталып, оның 2 251 391-і қайтыс болды. Қазақстанда вирус жұқтырғандардың саны 200 мыңға жуықтап отыр.