«Коронавирус обырға әсер етпейді»

Үкімет басшысы Асқар МАМИН вакциналауды жандандыру қажеттілігін тапсырғаннан кейін науқан қыза түсті. Енді еріктілердің вакцина алуына рұқсат етілді. Дегенмен, көпшілік әлі де әлеуметтік желідегі түрлі ақпараттарға сеніп, күмәнмен қарайды. Вакцина мен оған қатысты түрлі пікірлер туралы Қарағанды медицина университетінің проректоры, қазақстандық COVID-19 диагностикасы мен емдеу хаттамасын жасау жұмыс тобының жетекшісі Бақыт КӨШЕРОВА айтып берді.

– Вакцинаның қаупі мен пайдасын екшеп көрейікші.

– Вирусқа қарсы күресте иммунитеттің пайда болуы – ең тиімді әдіс. Вакциналаудан кейін адам вирусқа қарсы тұра алады, оның антиденелері пайда болады. Яғни, вакцина иммунитеттің пайда болуына ықпал етеді. Қатеріне келер болсақ, ол кез келген екпеде бар. Бірақ, бұл ретте тиімділігі басым түседі. Зерттеулерге сәйкес, коронавирусқа қарсы вакцина алған миллионнан астам адамның 10-ында ғана айтарлықтай асқыну байқалған. Енді осыны салыстырып қараңыз.

– Вакцинаның әсері қанша уақытқа жетеді?

– Бұған дейін вакцинаның әсері 6 айға жетеді деп келдік. Қазір оның қорғанышы 1 жылға жетеді деп айтылып жүр. Вакцина алғандардың арасында зерттеу жүргізіліп жатқан адамдар тобы бар. Ғалымдар антидене мөлшерін бақылап отыр. Сондықтан, бұл әзірге соңғы нәтиже емес.

– Коронавирустың өзгерген түрлері алаңдатушылық туғызып отыр. «Спутник V» коронавирустың жаңа штамдарына қарсы тиімді ме?

– Қазіргі таңда коронавирустың «бразилиялық», «британдық, «оңтүстікафрикалық» сияқты түрлері белгілі. Яғни, вирус өзгеріп жатыр. Соңғы рет ресейлік вакцинаны жасаушылар екпенің «британдық» түрінен қорғайтынын мәлімдеген болатын. Ал, «оңтүстікафрикалық» штамға қатысты зерттеулер әлі де жүргізіліп жатыр.

– Ал, отандық вакцина қашан дайын болады?

– Болжам бойынша сәуірде дайын болуы керек. Қазір ол клиникалық зерттеудің үшінші кезеңінен өтті. Барлығымыз нәтижесін күтіп отырмыз.

– Вакцина алмас бұрын антидененің мөлшеріне тест тапсыру қажеттілігі бар ма?

– Коронавирусқа қарсы вакцина алар кезде ондай тест талап етілмейді. Өндірушілер де ондай тест тапсыру қажеттілігін ұсынған жоқ. Жалпы, ауырғаннан кейін антиденелердің 6 ай сақталатыны белгілі, одан кейін вакцина ала беруге болады. Егер, адамда ауру белгілері байқалмай өтсе, антиденелер тіпті тез жойылады. Қандай жағдай болмасын бірінші дәрігерге бару қажет.

– Коронавирустың обыр туғызатыны туралы ақпарат қаншалықты рас?

– Коронавируспен ауырған кезде қан тамырлары зақымдалады. Ол барлық ағзада болады. Яғни, адам өзі білместен қандай да бір аурумен ауырған болса, онда коронавирус оған әсер етуі мүмкін. Бұл онкологиялық ауруларға да қатысты. Егер, адам коронавирус пен обыр туралы қатар білген болса, бұл сәйкестік болуы мүмкін. Бірақ, коронавирустың нақты қатерлі ісіктің пайда болуына әсері туралы ешқандай жерден кездестірген жоқпын.

– Сұхбатыңызға рахмет.

 

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.