Жаңаарқа ауданында «Ішімдіксіз ауыл» жобасы басталды

Қарағанды облысына қарасты Жаңаарқа ауданында «Ішімдіксіз ауыл» жобасы басталды. Белсенді азаматтар ауылдарды аралап, жұртты алкагольден бас тартуға шақыруда. Олар осы арқылы қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғыртып, ішімдік салдарынан болатын қылмыстың азаюына ықпал етуді көздейді, деп хабарлайды Saryarqanews.kz.

Белсенділердің бастамасына аудан әкімі Юржан Бекқожин мен ауданның бас имамы Асхат Қанай және аудандық ардагерлер кеңесі мен аналар кеңесі қолдау көрсеткен. Жоба он ауылды қамтиды деп көзделіп отыр. Қазіргі таңда жобаға қатысатын ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіліп, оларды отбасылық, мерекелік және мәдени шараларды ішімдіксіз өткізуге шақыру жұмыстары басталып кеткен. Жұртшылыққа ішімдікті қазақтың дәстүрлі тағамы, Жаңаарқаның бренді – қымызбен алмастыру ұсынылуда. Сондай-ақ, кәсіпкерлік нысандармен де алкаголь өнімдерін саудаламау туралы келісімдер жасалыпты.

Бүгінде жобаға қосылған алғашқы ауыл Айнабұлақ тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырылып, ересек тұрғындардан жобаны қолдау туралы қол жинау шаралары аяқталуға жақын қалыпты. Ауылда 2 дүкен бар екен. Олардың иелері ішімдік саудалауды тоқтатуға келіскен.

Айта кету керек, қазіргі таңда Жаңаарқа ауданының орталығы Жаңаарқа кентінде алкоголь өнімдері сатылмайтын 7 дүкен мен 5 кафе жұмыс істеп тұр. Белсенділер өзге де кәсіпкерлік нысандарды аралап, үгіт-насихат жүргізуді бастап кеткен.