Ақселеу Сейдімбек атындағы музей ашылды

Ұлт мақтанышына айналған жаңаарқалық тұлғалардың ішіндегі шоқтығы биік, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақселеу Сейдімбек атындағы жалпы білім беретін мектебінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында А.Сейдімбек атында музей ашылды.
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Қанат Қожықаев, «Nur Otan» партиясының Жаңаарқа аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Уәлиев бастаған зиялы қауым өкілдері, мекеме басшылары, мұражай мамандары, ардагерлер мен руханият саласының өкілдері және Ақаңның туыстары қатысты.
Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Қанат Қожықаев ақжарма тілегін білдіріп, өз сөзінде бүгінгі шараның мәні мен маңызы, дара тұлға Ақселеу Сейдімбектің еңбегі мен өмір жолдары жайлы баяндай келіп, бұл шараның ауданның мәдени өміріндегі ерекше оқиға екеніне тоқталды. 

— Бүгін сіздер мен біздер келешекке үлкен үлгі боларлық істің куәсі болып отырмыз. Елім деп, жерім деп жарғақ құлағы жастыққа тимей өткен Алаш ардақтысын дәріптеп, оның есімін мәңгі есте қалдыру — үлкен сауапты іс. Екінші жағынан, оның тағылымдық тұстары да айрықша, — деп бастаған Қанат Шубайұлы ғалымның ерен еңбегін, бір басына осыншама өнерді сыйдырған тұлғаның жан-жақтылығын тілге тиек етті. 

Мұражай лентасы қиылғаннан кейін қонақтарға арнайы экскурсия жасалып, музей экспонаттарын оқушылар таныстырды. Мектеп оқушыларының алдағы уақытта да зерттеу ісіне белсене араласары сөзсіз.

Жалғасбек Сайлаубеков,

Жаңаарқа ауданы.