Жағалауда сақ болыңыз!

Қарағанды облысы бойынша ТЖД қызметкерлері жергілікті полиция қызметі және әкімдік өкілдерімен бірлесіп судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шараларды қолға алды.

Іс-шара барысында демалушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Тыйым салынған жерлерде суға түсу дерегі анықталған жағдайда әкімшілік хаттамалар толтырылады.

Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мұнда 6 құтқару бөлімшесі, 106 адам, 24 техника және 43 жүзу құралы сақадай сай тұр.

Жыл басынан бері су айдындарында 2 қайғылы оқиға тіркелсе, өткен жылы 12 суға бату дерегі тіркелген. Оның  4-еуі бала. 

ТЖД бөлімшелері облыс бойынша үлкен 7 су айдыны қатаң қадағалайды. Олар Федоровка, Кеңгір, Самарқанд, Шерубай-Нұра қоймалары және Айнакөл мен Балқаш көлдері.

Облыс бойынша қауіпті жерлерде 12 мобильді бекет қойылып, күнделікті тексеріп отырады. Жыл басынан бері 900-ден аса рейд жүргізілді.

Қарағанды қаласы бойынша Федоров су қоймасындағы қалалық жағажай мен Қарағанды орталық саябағындағы көлде, сондай-ақ демалыс аймақтарында суға түсуге рұқсат етілген.

ТЖД ата-аналарға балалары рұқсат етілмеген жерлерде суға түсуіне тыйым салынатынын ескертеді. Сондай-ақ судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Облыс аумағында шомылу кезеңі 1 маусымнан ресми түрде ашылды.