ЭКСКЛЮЗИВ: Нұрсұлтан Назарбаев күнделігінен үзінді

Биыл 90 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің мұрағатынан Елбасының еңбек жолын бастаған кезеңдеріне қатысты материалдар және Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің бірнеше авторлық мақаласы табылды. Солардың бірі Н.Назарбаевтың Арқадағы алып зауытта жұмыс істеп жүрген кезінде жазылған екен. Мақала авторлары А.Сағындықов пен А.Ахметәлімов Теміртаудағы алып металлургиялық комбинат пен ондағы жалындаған жастар туралы жаза келіп, Н.Назарбаев күнделігінен үзінділер келтіріпті. Saryarqanews.kz агенттігі назарларыңызға 1965 жылдың 15 желтоқсанында жарық көрген мақаланың толық нұсқасын жариялап отыр. Алдағы уақытта Елбасының газеттің сынына жауап берген, өзінің замандастары туралы жазған тағы бірнеше мақаласын назарларыңызға ұсынатын боламыз.

ӨМІРБАЯННАН ҮЗІНДІ

Көктем. 1960 жылдың көгілдір көктемі. Ол кезде Арқа өңірінде Қазақстан Магниткасы сияқты алыптың ірге тасы қаланып жатқан кез. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жатқан металлургия өнеркәсібінің ірі мамандарымен бірге, комсомолдық жолдамамен жастар легі де Теміртау қаласына ағылды.

Міне, осындай аттаныс сәттерінде Магниткада болғанымыз бар. Бірінші домна іске қосылайын деп жатыр. Басқа құрылыстар күн озған сайын қанат жайып келеді. Таңертеңгі уақытта алып заводқа қарай ағылған жұмысшыларды көресіз. Жол жөнекей үш жігітке кездесіп қалдық.

  • Жол болсын!

  • Әлей, бірге болсын, танымадық қой, - дескен қысқа да болса жөн сұрасқан лебіздер естіліп қалды. Қол алысып, таныса бастадық. Жас жігіттердің жүздері жайларлы.

  • Нұрсұлтан Назарбаев.

  • Төкен Сүлейменов.

  • Жұман Балмұрзаев, - деп олар өздерін таныстырды.

  • Ә, Қазақстан Магниткасына келген жастардың бір тобы сендер екенсіңдер ғой. Бұл тамаша кездесу.

  • Әлбетте, қателескен жоқсыздар, - деді ұзын бойлы, көзі өткір аққұбаша келген жігіт. Ол өзін Нұрсұлтан деп таныстырған болатын. Әбсәтте, жеті-сегізіміздің басымыз құралып, үркердей шоғырланып, завод ауласына қарай аяңдадық. Ол кезде Нұрсұлтан Украинаның Днепродзержинск қаласындағы училищені бітіріп, металлург мамандығын алып қайтқан шағы. Өмірге алған алғашқы жолдамасы – құю машинасына шойыншы болып қабылданды. Арқадағы алып заводтың жас та болса тұңғыш қарлығашы болып ұшып келген екен.

Бойында қайраты, болашаққа сенімі зор Нұрсұлтан өз жұмысына белсене араласты. Тынбай еңбек етті. Жетіжылдықтың ғаламаты – Қазақстан Магниткасының ірге тасын қаласуға ат салысты. Мұндай тағдырдың тізгінін ұстау жас жігіт үшін үлкен бақыт еді. Біз сонда Нұрсұлтанды алғаш көріп, танысып, еселі еңбегімен құттықтап қана қайтқан болатынбыз.

Содан бері бес жыл өтті. Арқа алыбы өсті. Бірінші және екінші домна пештері қатарға қосылып, шойын селін тасқындатты. Мартен пештерінің мың градустық жалыны алаулады. Басқа да ірі цех құрылыстары ірге көтере бастады. Ал біздің, сондау алпысыншы жылдардың көгілдік көктемінде көрген жігіттеріміз қайда? Осында екен. Жүрек қалауымен келіп, еселі еңбек еткен Нұрсұлтан Назарбаев сияқты жас металлургтеріміз завод даңқын әлемге паш етті. Ел құрметіне бөленді. «Он саусағынан өнер тамған өрендер» аталды. Сол жылдары бірінші домна пеші іске қосылғанда Нұрсұлтан горновой болып жұмысқа тағайындалды. Көзімізбен көрдік, ісімен таныстық, шойын селін ағызып жатқан қарапайым жігіттің өнеріне риза болдық.

Нұрсұлтан қазір де Қазақстан Магниткасында жемісті еңбек етеді. Оның өмірбаяны қысқа болса да (әрине болашағы алда ғой) өте қызғылықты. Ол осы Қазақстан Магниткасына келгеннен бергі елеулі жылдарын, еселі істерін еске сақтау үшін күнделік жүргізген екен. «Бүгінгі өмір қызық қой, керек жерін сызып қой» дегендей, жас жігіттің сырларына үңілейік, не дейді екен.

«... Днепродзержинскінің техникалық училищесін бітіргеннен кейін, бір топ жастардың жүрегін шаттыққа бөлейтін хабар естідік. Қазақстан даласына, Теміртауға, жаңа Магнитка салысуға аттанасыңдар деген қуанышты хабар. Сөйтіп, мен туған жерге сапар шегетін болдым. Қандай мақтаныш десеңізші. Біз ұшқан құспен жарысып, көктем желіндей есіп Арқаның төріне келіп түскенде, құлақшынымызды аспанға бір-бір аттық. Иә, біз Теміртау қаласына иек артқанда алып заводтың жоспары болса да, өзі әлі өмірге келген жоқ әлі. Тек қана бой көтеріп қалған бірінші домна пешінің тұлғасын көрдік. Аумағы ат шаптырым завод ауласына назар аудардық. Бірақ, көктем күніндей жылы леппен келген бір топ жастар Магнитканың болашақ тұлғасын көтерісуге бір кісідей жұмыла кіріскен жайымыз болды. Бұл біздер үшін мақтаныш еді...»

Күнделік беттері одан әрі жалғаса береді.

 

«...Ура, Ура! Бүгін бірінші домна пеші іске қосылды. Төкен, Жұман сияқты еңбектес достарымның да қуанышында шек жоқ. Домна пешінен қызыл жалын ағып жатыр. Тура қып-қызыл. Өзен дерсің. Өз қолыңмен істеп, игілігін көзіңмен көргенге не жетсін! Бұл күндері бүкіл республикамыздың назары, газет беттері Теміртау қаласындағы домна пешінің іске қосылғанына арналды. Шулап қоя берді. «Қазақстан топырағындағы ірі оқиға» десіп жатыр. Қандай зор мақтаныш! Біз, жастар, сол сәттерде төбемізді көкке екі-ақ елі жеткізбедік. Өйткені, бел ордасында жүрдік қой».

 

Иә, шынында да солай болды. Жолымыз түсіп Магниткаға келгенде біз тағы да көз таныс адамдармен жүздесіп қалдық. Сонда Қабидолла Сәрікенов зор мақтаныш сезіммен «Мыңдаған жұмысшылардың мыа сияқты күс қолдарының тұрғызған ғаламаты ғой. Әлі көрерсіңдер, қара суды теріс ағызуға бармыз», - дегені есімізде. Біз оның сөзіне қатты сендік.

  • Келешекте комбинат болып еліміздің болат жүрегі аталғанда, сендерің есімдерің құрметпен еске түсер. Қарт гвардияның сапында тұрарсыңдар, - деген жылы лебіз де білдірдік. Бұл өмірдің өзі екшейтін шындық. Енді күнделікті оқиық.

«Мен 1962 жылы Қазақстан ЛКСМ-ның Х съезіне делегат болып бардым. Көп қызықтарды көрдім. Қажырлы еңбек еткен өзімдей жастармен таныстым. Шахтер, металлург, шопан, механизатор – туу, толып жатыр. Барлығының жүздерінде шаттықтың лебі еседі. Опера-балет театрын жастар кернеп кетті. Қандай нық басады аяқтарын. Осылардың ортасында жүргеніме өзімді бақыттымын деп санаймын.

... Міне, Отанымыздың жүрегі Москваға да сапар шектім. Комсомолдың XIV съезіне делегат болып қатыстым. Бұл күндер менің жүрегімде мәңгі қалмақ. Тағы да жастар... Сәулетті заманымыздың гүл жайнаған жастары. Барлығының да Отан игілігіне үлес қосқан, жас та болса бас болған жандар екен. Михаил Довжик, Сағат Дәулетқалиев, Виктор Дубинин, тағы басқалары. Осы жастардың үлкен мәслихатында келелі пікірлер ортаға тоғысты. Заманымыздың доңғалағын ілгері қозғайтын күштер тасқыны бір арнаға құйылғандай.

Мен ВЛКСМ Орталық Комитетіне мүше болып сайландым...»

Міне жігіт өз мақсатына жетті деген осы да. Еңбектің үлкен-кішісі болмайды. Өршіл жігіт өрге ұмтылады. Нұрсұлтан сондай қарапайым да мақсатшыл жастардың бірі.

«1963 жылы металлургиялық заводтың жолдамасымен Қарағанды политехникалық институтына түсіп, оқыдым. «Өмір мен еңбек – егіз» деген нақыл рас екен. Магнитканы салысып, шойын қорытып келген мен, оқуды ұршықтай үйірдім. Завод степендиаты атандым. Бұл дұрыс болды. Өйткені Қарағанды политехникалық институты жанынан металлургия факультеті ашылды. Мен осыған байланысты өз орныма – Қазақстан Магниткасына оралдым. Қазір сырттан оқимын...»

Иә, бүгінде Нұрсұлтан Магниткада, дәлірек айтқанда, өзі еңбек еткен бірінші домнада диспечер болып істейді. Әзірше, Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянынан үзінділер ғана келтіріп отырмыз. Ол келешекте жазыла бермек, жалғаса бермек.

 

А.Сағындықов,

А.Ахметәлімов.

«Орталық Қазақстан» газеті

15 желтоқсан 1965 жыл.