"Бұл менің құтқарушым ғой..." - Теміртауда жеке үйлер орталық газ желісіне қосылды

Бүгін Теміртау қаласында жеке тұрғын үйлер "Сарыарқа" магистральдық газ құбырының арқасында көгілдір отынға қосылды. Салтанатты шараға аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек қатысып, газ алауын жақты, деп хабарлайды Saryarqanews.kz тілшісі.

- 2025 жылға қарай қаладағы 5 мыңға тарта тұрғын үй орталықтандырылған табиғи газға қосылады. Қазіргі таңда 500-ге жуық үй газға қосылуға дайын. Олар бүгіннен бастап көгілдір отынды тұтына алады. Келесі жылы 1500-ге жуық үйге газ тартылады. Бұл халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға және көптеген экологиялық мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Әрі газдың құны көмірмен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Бұл да тұрғындар үшін қолайлы болып отыр, - деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімінің хабарлауынша, алдағы таңда өңірдегі ірі кәсіпорындарды да біртіндеп газға қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Атап айтқанда, Теміртаудағы алып металлургиялық комбинат жарқын болашақта газға көшеді. Бұл ауаға жіберілетін зиянды қалдықтардың көлемін отыз пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Яғни, келешекте теміртаулықтар қолқаны қапқан көк түтін мен қара қардан құтылады.

1

Газдың келуін қала тұрғындары зор қуанышпен қарсы алды. Әсіресе, Төлеубаев көшесінде тұратын Вячеслав Бражников есімді қарттың қуанышы ерекше екен.

- Менің қуанышым, менің құтқарушым ғой бұл. Көмір тасу, күл шығарудың азабы қандай екенін көп адам біле бермейді. Мені қойшы, мамыр айында Ресейден ұлым келіп, көмір түсіріп, сарайға кіргізіп берді. Ондай қолғабыс көрсететін адамы жоқ жандар қаншама. Өзімнің ондай ауыр жұмысқа шамам келмес еді. Ал, қазір көмір тасып, азаптанудың қажеті жоқ. Қосып қойып, арасында бақылап тұрамын. Болды. "ҚазТрансГаз" қызметкерлеріне алғысым шексіз. Газ іске қосылғанша үнемі хабарласып, көмек көрсетіп келді. Тек, жалғыз өкінетінім, осы қуанышты әйелімнің көрмей, өмірден өтіп кеткен. Қазір тірі болса төбесі көкке жеткенше қуанар еді, - дейді Вячеслав Бражников.

Қарияның айтуынша, үйіне газ орнату үшін 800 мың теңге көлемінде қаражат жұмсапты. Пеште арнайы иіс датчиктері орнатылған. Егер қандай да бір ақау шығып, газ бөлменің ішіне тарала бастайтын болса дабыл белгісі қосылады екен. Бұл уланып қалу қаупін азайтуға септігін тигізері анық.

- Кейбір көршілерім газ қосу бағасын қымбатсынып, ойланып қалған болатын. Оларға «ойланатын ештеңе жоқ, қосылып алыңдар» дедім. Өйткені, 800 мың деген қымбат емес. Өйткені, көмірдің бағасы күн өткен сайын қымбаттап жатыр. Оны сатып алу, сарайға кіргізу, кейін үйге тасу, күлін шығару дейтін машақаты басыңнан асады. Одан да газ қосып алып, тыныш отырған артық, - дейді Вячеслав Бражников.

"ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Қарағанды өндірістік филиалының директоры Талғат Қызылбаевтың айтуынша, қазіргі таңда облыста 125 шақырым газ құбыры салынған екен. Тұтынушыларға есептегіштер тегін беріледі. Сондай-ақ, алдағы уақытта банктермен бірлесе отырып, тұрғындардың үйіне газ енгізудің қаржылық мәселесін шешу келісіп жатыр екен.

Айта кету керек, "Сарыарқа" магистральдық газ құбырының құрылы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша салынған еді. Қазіргі таңда құбыр Қызылорда мен Нұр-Сұлтан қаласын байланыстырып тұр. Оның көп бөлігі Қарағанды облысы аумағынан өтетіндіктен, кенді өлке тұрғындарын да көгілдік отын игілігімен қамту мүмкіндігі туындап отыр.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.