95 жастағы қарағандылық зейнеткердің үйі табиғи газға қосылды

Бүгін Кеншілер шаһарында 2 үйге табиғи газ кіргізілді. Қазіргі таңда қалада мың жарымнан астам үй газға қосылуға дайын екен. Көгілдік отын қаланың ауасын тазартуға айтарлықтай ықпал етіп, жұртты отын тасып, күл шығару машақатынан құтқарады.

– Үш жыл бұрын «Сарыарқа» газ құбырын салу жобасы басталды. Магистральдық желілер өткен жылы аяқталды, биыл тарату желілері тартылды. Жұмыстар сәтті аяқталды. Жерлестеріміздің өмір сапасы жақсарады. Еліміздің 30 жылдығы мен Тұңғыш Президент күні қарсаңында бүгінгі шараны үлкен жетістік деп санаймын, – деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.

Газға қосылған екі үйдің бірі 95 жастағы зейнеткер, тыл еңбеккері Анна Бабенкоға тиесілі. Зейнеткердің Челябинская көшесіндегі жер үйде тұрып жатқанына жетпіс жылдан асып кетіпті. Жыл сайын 10-15 тонна көмір жағып келген. Тоқсаннан асып кетсе де әлі тың екен. Бірақ, кейінгі уақытта қарттық жеңе бастаған. Бұрынғыдай көмір тасып, күл шығаруға шамасы келмейді. Сондықтан да, "газ келеді" деген хабарды қуана қабылдап, немерелеріне айтып жүріп алғашқылардың бірі болып тартқызып алған.

1

- Күйеуім соғыс ардагері, мен тылда еңбек еттім. Үкіметке, әкімдік қызметкерлеріне және  "ҚазТрансГаз"  өкілдеріне айтар алғысым шексіз. Қазір рахат болды. Әсіресе, мен тәрізді жалғыз тұратын зейнеткерлер үшін таптырмас дүние. Әкімдік өкілдері газ-плитка сыйлаған. Шәйімді соған қайнатып, тамағымды сонда істеймін. Бар ғұмырым осы үйде өтті. Немерелерім қолдарына шақырса да, бұл үйден ешқайда кеткім келмейді, - дейді Анна Бабенко.

Зейнеткердің немересі Максим Бабенконың айтуынша, газ пешті орнату үшін 600 мың теңге көлемінде қаражат кеткен екен. Сондай-ақ, қауіпсіздік мақсатында газ таралған жағдайда дабыл беретін қондырғы да қойылған. Ал, есептегішті "ҚазТрансГаз"  компаниясы сыйға тартқан.

Қала әкімі Ермағамбет Бөлекбаевтың айтуынша, алдағы уақытта қала тұрғындарының барлығы табиғи газдың игілігін көреді.

- Қазіргі таңда кеншілер шаһарына газ кіргізіліп, алғашқы үйлер қосыла бастады. Келешекте Михайловканың ғана емес, Күнгейдің, Майқұдық пен Пришахтинскке де газ тартылады. Қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Табиғи газ көмірге қарағанда арзан әрі экологияға да пайдалы ғой. Сондықтан да, тұрғындарды толық қамту бағытында жұмыстар істеп жатырмыз. Аз қамтылған отбасыларға газ орнату үшін қолдау көрсету жолдарын іздеп жатырмыз. Сондай-ақ, банктермен несиелеу бағыты бойынша келіссөздер жүргізілуде, - деді қала әкімі.

Айта кету керек, алдағы уақытта Жезқазған қаласында да тұрғын үйлерге көгілдір отын тартылады.

Нұрлыхан Қалқаманұлы.