Теміртауда бір топ жас төбелесіп қалды (видео)

Теміртау қаласында жастар арасындағы жанжалдың видеосы жарияланды. Әлеуметтік желіде таралған видеода ондаған жігіттің бір адамға жабылып жатқан сәті түсірілген. Кейбірінің қолында темірге ұқсас зат болған.

Қазір полицейлер аталмыш оқиға бойынша тексеруді бастап кетті. Әйтсе де, дәл осы жағдайға байланысты полицияға ешкім шағымданбаған екен. Десек те, тәртіп сақшылары төбелеске қатысқан 16 жастағы жасөспірімді анықтады. Қазір өзге қатысушыларды анықтау жұмыстары жүргізілуде. 

"Қазіргі уақытта Теміртау полиция басқармасының Ескі қала полиция бөлімінде қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі ("Бұзақылық") бойынша қылмыстық іс тіркелді. Полицейлер жедел іс-шаралар барысында жанжалдың шығуына себеп болған 16 жастағы жасөспірімді анықтап, ұстады. Бозбала өз кінәсін толық мойындады. Полиция қызметкерлері жанжалдың қалған қатысушылары мен оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр", – деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.