Теміртау әкімі өтірік айтты ма немесе балабақша қашан ашылады?

Теміртау қаласындағы «Таңшолпан» балабақшасының жөндеуге жабылғанына біраз уақыт болып қалды. Әу бастағы жоспар бойынша, құрылыс жұмыстары 2020 жылдың желтоқсан айына дейін аяқталуы тиіс болған.Бірақ, мердігер компания уәделі уақытта жұмысты аяқтап үлгермеді. «Әне ашылады, міне ашылады» деп жүргенде 2021 жыл да аяқталуға жақын қалды. Сонымен, балабақшадағы жөндеу жұмыстары қашан аяқталады? Saryarqanews.kz тілшісі қала әкімінің орынбасары Самат Зияшевпен бірге құрылыс алаңына барып, жағдаймен танысып қайтқан еді.

Әңгіменің әлқисасын сәл әріден бастасақ. Тамыз айында анасымен бірге осы балабақшаның іргесіндегі жаяу жүргіншілер жолымен кетіп бара жатқан баланы темір қоршау басып қалды. Құрылысшылар оны техника кіру үшін уақытша босатып қойған екен. Жарақат алған бала біраз уақыт аурханада жатып, ем қабылдады. Жұрт шу көтерді, кейін бұл оқиға ұмытылды. Дәл сол кезде осы оқиғаға қатысты пікір білдірген қалалық білім бөлімінің өкілдері «Таңшолпанда» құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын және оны тамыз айының 17 жұлдызында аяқтау жоспарланып отырғанын айтқан. Дей тұрғанмен, межелі уақытта жөндеу жұмыстары аяқталмады. Балабақшаның ашылу салтанаты жаңа оқу жылының басталатын сәтіне, яғни 1 қыркүйекке шегерілді. Ашылмады.

Қыркүйек айының соңына таман қала әкімі Қайрат Бегимов жұмыс сапарымен құрылыс алаңына барып, камераның алдында мердігер компания басшыларын «сілкілеп» алған еді. Ол кезде жөндеу жұмыстары «28 қыркүйекте толық аяқталады» деген уәде берілді. Теміртаулық «ТТК» арнасындағы әріптестеріміз қала әкімі Қайрат Бегимов межелі уақытта жөндеу жұмыстары аяқталмайтын болса, мердігер компаниямен «басқаша әңгімелесетінін» жеткізді. Сол кезде ұсынылған ақпаратта ішкі жөндеу жұмыстары 98%-ға, ал сыртқы жұмыстар 95%-ға аяқталып қалғаны айтылған. Жұрт аз қалыпты деп қуанып қалған. Межелі уақыт болды. Балабақша ашылмады. Сөйтсек, мердігерлер қала әкімінің ескертуін елемеген екен.

30 қыркүйек. Saryarqanews.kz тілшісі балабақшадағы жөндеу жұмыстарының қалай жүріп жатқанын білу мақсатында қала әкімінің орынбасары Самат Зияшев мырзаға хабарласты. Әкім орынбасары жөндеу жұмыстарының 98%-ға аяқталғанын, қазіргі таңда «технадзордың» талабынан өтпей қалған жерлерді қайта жөндеу және құрылыс қалдықтарынан тазарту жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

«Жөндеу жұмыстары 1 қазанға дейін толық аяқталып, 6 қазаннан бастап сәбилер балабақшаға қабылдана бастайды», - деген болатын қала әкімінің орынбасары. Бірақ, айтылған уақытта балабақша тағы да ашылмады. Осыдан соң құрылыс алаңына барып, мәселенің жай-жапсарын көрмекке бекіндік.

Бізді Самат Зияшев мырза мен қалалық білім бөлімінің басшысы Рахат Қазтаев, балабақша директоры және техникалық бақылау өкілдері күтіп алды. Сыртқы жұмыстар толық аяқталды деуге болады екен. Құрылысшылар 1-2 жерде ұсақ-түйек жұмыстарды істеп жүрді. Ал, ішкі жұмыстар бойынша 2 қабатты ғимараттың 2-қабаты ғана толық аяқталған. Ал, 1-қабатта әлі істелуі тиіс қыруар жұмыстар күтіп тұр. Оған қарап, қала әкімінің орынбасары айтқан 98% аяқталған жұмысты көре алайсыз. Сонда жоспарланған жұмыстың бүгінге дейін қанша пайызы істелген? Қалалық білім бөлімінің басшысы Рахат Қазтаевтың мәлімдеуінше, дәл қазір балабақша 80 пайызға дайын. Әлі, 20 жұмыстар істелуі тиіс. Бұл қалай болғаны? Осы уақытқа дейін айтылып келген 98% қайдан шыққан мәлімет?

Самат Зияшевтің айтуынша, әу құрылыс жұмыстарының 98%-ы істелген екен. Тек, ол жұмыстардың бір бөлігі техникалық бақылаудан өтпей қалыпты. Сәйкесінше, мердігерлер кей топтардағы кафелдерді бұзып, қайта жапсыру туралы міндеттеме алған. Әрине, жұмыстың сапалы болғаны дұрыс. Талап соған қойылуы заңды да. Десек те, межелі уақыттың тым ұзаққа созылып кеткені қалай? Жөндеу жұмыстары қашан аяқталады? Сәбилердің шат күлкісі «Таңшолпанда» қашан естіледі? Жауабы жоқ сансыз сұрақ. Бір анығы, жөндеу жұмыстары дәл осы қарқынмен жалғаса беретін болса, әзірге аяқталмайтын тәрізді. Өйткені, мердігерде ақша жоқ. Сәйкесінше, жұмыскер жоқ. Адал еңбегінің ақшасын төлемеген соң жұмысқа адам келе ме? Рас, қазір жөндеу жасап жүрген азаматтар бар екен. Бірақ, олардың саны аз. Егер жөндеу дәл осы қарқында жалғасатын болса, балабақша биыл да ашылмай қалуы мүмкін тәрізді. Қалалық білім бөлімінің басшысы Рахат Қазтаев құрылыс жұмыстары желтоқсан айында аяқталарына сенімді. Оны уақыт көрсете жатар...