Мас әйелді ұрып, автобустан сүйреп түсірген теміртаулық жазаланбайтын болды

28 қыркүйек күні "Қарағанды - Теміртау" бағытында жолаушы тасымалдайтын №107 автобуста болған оқиғаның әлеуметтік желіде шу туғызған еді. Видеода ер адамның мас әйелді ұрып, сыртқа сүйреп шығарғаны және жерге құлатып бірнеше мәрте ұрғаны түсірілген. Аталмыш факт бойынша, қылмыстық іс қозғалып, оқиғаға қатысы бар тұлғалар анықталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин мәлімдеді.

- Аталмыш факт бойынша ҚР ҚК 293-бабы ("Бұзақылық") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеру барысында жәбірленген әйел, автобус және соққы жасаған ер адам анықталды. Жәбірленуші медициналық мекеменің көмегіне жүгінбеген және арыз жазбаған. Ол өзін ұрған ер адамның үстінен шағымданғысы және онымен соттасқысы  келмейтінін жеткізді. Осыған байланысты іс тоқтатылды, - дейді Ерлан Файзуллин.