Бақыт Сәрсекбаев Бақтияр Артаевты сынаққа түсуге шақырды (видео)

Бокстан 2008 жылғы Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев 2004 жылғы Олимпиада жеңімпазы, қазір Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Бақтияр Артаевты бапкерлік сынаққа шақырды, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасындағы жанжалға байланысты Сәрсекбаев боксшы Ангелина Лукасты отандасы Назым Қызайбайға қарсы жекпе-жекке дайындауға келіскенін айтты.

"Лукастың халық алдында беделін түсіріп, мазақ етуге тырысып жатыр, өкінішті. Маратбек Мықтыбеков пен Бақтияр Артаев жағдайды түсінбестен мойнына тым көп жауапкершілік алды. Менің үндеуімді видеодан тыңдаңыздар", - деп жазды Сәрсекбаев Instagram желісіндегі парақшасында.

"Бізде әйелдер боксында әңгімемен жекпе-жек болып жатыр. Бақтияр Артаев, мен саған Назым Қызайбайды дайындауды ұсынамын, мен Ангелина Лукасты дайындаймын. Сонда жеңімпаз кім болатынын көреміз", - деді Сәрсекбаев.

Әйелдер құрамасындағы жанжал Лукас ұлттық құрамадағы жағдай нашар екенін айтып, Қазақстан Президенті мен Елбасыға жүгінгеннен кейін басталған. Спортшы құрамадағы әріптесі Қызайбайды допинг қолданды деп айыптаған болатын.

Сондай-ақ, оның айтуынша, Артаев оны Қазақстан құрамасынан заңсыз шығарған. Осыдан кейін "Лукас ісін" Мәдениет және спорт министрлігі өз қолына алған. Бұған дейін осыған ұқсас шағымды Қызайбайдың өзі айтқан болатын.