Бүгін Nur Otan партиясының Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына Бекзат Алтынбеков тағайындалды. Бұл туралы партияның облыстық саяси кеңесінде мәлім болды. Партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасарын облыс әкімі Жеңіс Қасымбек таныстырды, деп хабарлайды Saryarqanews.kz
- Nur Otan партиясы саяси кеңесі бюросының және орталық аппаратың шешімі бойынша Бекзат Алтынбеков облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды, - деді Жеңіс Қасымбек.
Айта кетейік, бұған дейін партияның облыстық филиалы төрағасының лауазымында болған Қадиша Оспанова облыстық мәслихатқа жұмысқа ауысты. Ол Тұрғындарды әлеуметтік қорғау және әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы лауазымына тағайындалды.
Бекзат Алтынбеков 1973 жылы Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын БАҚ-та бастаған, "Арқа еңбеккері" газетінің тілшісі, Ақтоғай аудандық радиостанцияның тележүргізушісі болған. Содан кейін көп жылдар бойы білім беру саласында басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.
Екі рет Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды. Қазір Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты.
Тарих ғылымдарының кандидаты. Білім беру ісінің құрметті қызметкері. "Алтын жүрек" ұлттық сыйлығының лауреаты.
Nur Otan партиясының қатарында Бекзат Алтынбеков 2007 жылдың маусым айынан бері тіркелген.