Бауыржан Байбек Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді

Бүгін Қарағанды облысына  «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен келді. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Saryarqanews.kz тілшісі.

Сапар барысында партияның Жол картасының орындалуына мониторинг жасалып, Мемлекет басшысының инклюзивті білім беруді дамытуға қатысты айтқан бастамаларына ерекше назар аударылады.

"Әл Фараби атындағы Қарағанды мектеп-гимназиясында инклюзияны қолдау кабинетінің жұмысымен танысып, оқушылардың ата-аналарымен әңгімелестік. Ата-аналардың айтуынша, заманауи әдістемелер мен «Болашақ» қоры оқытқан мамандардың арқасында олардың балаларының әлеуметтік және академиялық дағдылары айтарлықтай жақсарған.

Соңғы екі жылда облыстың сегіз мектебінде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Оның төртеуі «Болашақ» қайырымдылық қорымен бірлесіп ашылған. Инклюзивті тәжірибеден өткен педагогтердің үлесі 32-ден 60% -ға өсті. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыратын боламыз.

Осакаровка кентінде «Жастар» балалар мен жасөспірімдер орталығы жанындағы жаңартылған техноорталыққа бардық. Сайлауалды уәделерін іске асыру аясында мұнда күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи жабдықтар сатып алынған. 654 білім алушы үшін 26 тегін үйірме, оның ішінде бағдарламалау студиясы, робототехника, жасанды интеллект, баламалы энергетика зертханалары қолжетімді болды. Оқытушылар арасында «Дипломмен – Ауылға» бағдарламасының қатысушылары бар.

Осакаров технопаркінен басқа Ақтоғай ауданында Қосымша білім беру сарайы, Қарағандыда Жасөспірімдер сарайы, Жаңаарқа ауданында Жасөспірімдер үйі ашылды.

Қарағанды Достық үйінде ашылған Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ақсақалдармен әңгімелестік. «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында мұнда лингафон сыныптары, би және спортпен айналысуға арналған зал, сондай-ақ егде жастағы адамдарға арналған шығармашылық және оқыту сыныптары жұмыс істейді", - деп жазды Жеңіс Қасымбек.