Саран қаласында жыл сайынғы «Қыран» жастар сыйлығының қорытындысы шығарылды. Биылғы шара Тұңғыш Президент күніне және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылды.
Сыйлық табысты ғылыми, шығармашылық, кәсіби және қоғамдық қызметі үшін қаланың 14–29 жас аралығындағы жас тұрғындарына беріледі. Байқау тоғызыншы рет өтті. Осы уақыт ішінде Саран қаласының 89 тұрғыны лауреат атанды.
– Жыл сайын «Қыран» сыйлығын тағайындау байқауына жастар көбірек қатысады. Бұл белсенді азаматтық ұстанымның, мемлекеттік және жастар саясатын іске асыруға қатысудың жарқын мысалы, – деді Саран қаласының әкімі Ержан Темирханов сыйлықты табыстау кезінде.
Жеңімпаздар «Денсаулық сақтау саласының жас қызметкері», «Мемлекеттік тіл – болашағым», «Отан қорғаушысы», «Жас спортшы», «Жас талант», «Жас кәсіпкер», «Жас жұмысшы» және «Жас маман» сегіз номинация бойынша анықталды.
Манас Әспенғазыев үшін «Жас кәсіпкер» номинациясындағы жеңіс күтпеген жағдай болды. Өткен жылы жігіт «Идеядан шындыққа» бизнес-жобалар байқауында жеңіске жетті. «Балапан» инкубатор станциясын ашып, Манас өз ісін дамыта бастады. Қазірдің өзінде ол Саран қаласының жас кәсіпкерлері арасында үздік атанды.
– Мен үнемі түрлі байқауларға қатысамын, оқудан өтемін. Жалпы, бір орында тұрмаймын, – дейді Манас. – Сыйлық – бұл әрі қарай дамуға және алға ұмтылуға деген ынтаны арттыратын механизм. Бұл жерде ең бастысы қаржы емес, мемлекеттік органдар, жерлестер тарапынан қолдау. Бұл өте жағымды.
«Жас маман» номинациясының жеңімпазы Алима Кошикова болды. Бойжеткен магистратурада оқиды және төртінші жыл № 17 мектеп-гимназиясында бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді.
– Барлық қиындықтар мен кемшіліктерге қарамастан, мұғалім мамандығы бүкіл адамзат өмірінде сұранысқа ие болады деп санаймын, – деді ол. – Сыйлық лауреаты болу – ең алдымен, менің еңбегіме деген назар мен құрмет. Бұл менің білімімді, дағдыларымды, оқыту процесіндегі белсенділігімді бағалаудың айғағы және кәсіби қызметті жетілдіру жолындағы тағы бір қадам және жемісті жұмысты жалғастыруға ынталандыру болып табылады.
Дипломдардан басқа, «Қыран» құрмет сыйлығының лауреаттарына 150 мың теңгеге ақшалай сертификат табыс етілді.
- 1 рет қаралды