Конституциялық реформа: Парламент рөлі мен Үкімет жауапкершілігін күшейту

Ашық дереккөз

Бүгін ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған ҚР Парламентінің рөлін күшейту сынды бірқатар шараны жүзеге асыру аясында тәуелсіз Қазақстан конституциясының қалыптасу тарихын ұғыну мақсатында «Конституциялық реформа: Парламент рөлі мен Үкімет жауапкершілігін күшейту» тақырыбында ғылыми семинар өтті.

Биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы мемлекеттің саяси жүйесін қайта құру арқылы супер-президенттік басқару формасынан күшті Парламентке үстемдік беретін Президенттік республикаға көшу міндетін қойды. Осыған орай, іс-шараға қатысушылар Қазақстан Республикасында алда өтетін конституциялық реформаға қатысты бірқатар мәселелер төңірегінде сөз қозғады.

Мемлекет тарихы институтының директоры, т.ғ.д., профессор Е.А. Әбіл өз баяндамасында Президент бастамасының тарихи маңызына тоқталып өтіп, оның, Мемлекет басшысы айтқандай, еліміздің азаматтық қоғамын күшейту жолында билік институттарының оңтайлы тепе-теңдігін қамтамасыз ететінін басып айтты.

Деректану, тарихнама және Отан тарих бөлімінің басшысы, т.ғ.д., профессор Ғ.М. Қарасаев жаңа реформаның Қазақстан халқы үшін оң нәтиже беретінін тілге тиек етіп, оның түпкі мақсаты республиканың заң шығарушы органының саяси саладағы рөлін күшейтетінін атап өтті. Сонымен бірге, алдағы қайта құрулар елдің саяси дамуына жаңа серпін беретінін атады.

Деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, с.ғ.д., профессор М.Ш. Қалиеваның баяндамасы азаматтық қоғам мен әлеуметтік мемлекет дамуындағы конституциялық реформаларға арналды.

Семинар барысында сонымен қатар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму тарихы бөлімінің басшысы, т.ғ.д., профессор Ә.М. Ауанасова, Еуразиялық және саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Н.С. Лапин, Деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент А.Н. Қашқымбаев және басқалар сөз сөйледі.

Іс-шараға институттың ғалымдары мен ғылыми қызметкерлері қатысты.