МҰҚАҒАЛИ ҒАСЫРЫ

Өткен ғасырда туып, осы ғасырдың құрдасына айналған мұзбалақ ақын Мұқағалидың туғанына 91 жыл биыл.

Біз өмір сүріп жатқан жүзжылдықтың құрдасына айналған һәм мәңгілікке қанат қаққызған өзінің саф туындысы. Жастық шақтың түндерін жарық қып, жүрекке қымбат сезімдердің шырағын жағып, жырларын жата-жастан оқу арқылы ұлы арманымызды болашаққа жалғадық. Поэзия – ең жоғарғы жасампаздық. Мақатаевтың поэтикалық танымы қарапайымдылығында жатыр. Сезіне білсеңіз болғаны. Мұқаңның ғаламы – ғайып ғалам, ғажайып ғалам. Сізбен бірге жылайды, бірге күледі. Қиын сәтте, өмірдің қатал кезеңдерінде оның өлеңдері құшағына алып жылытады. Кеспірсіз қоғам ішіндегі керемет махаббат еді оның шаһқар жырлары! Ақындық – ақылыңмен аспан көтеріп жүргендей азап та, ғажап құбылыс . «Бұл ғасырдан емеспін» деп өз заманына сыймай сөйлейтіні де сондықтан ақынның. Поэзияны жан-тәнімен сүюдің жарқын бір үлгісі іспетті Мұқаң.

Асылық айтты демеңіз, оның жырларындағы махаббат – бар дерттің емі.

Мұқағали жаратқан жырлар арқылы оқырмандар өзін тани түсуде бүгін.

Ақынның ғажап өлеңдеріне ұдайы ынтығу арқылы, мен тіршілікті, өмірді сонша сүйетінімді сезінемін үнемі. Өзінің тұлғасы қандай болса, жырлары да сондай шайырдың. Кеудесі даладай, арманшыл құшағына аспан сыйдырған құбылыс. Жырларын әр қазақ жатқа оқитын кемеңгер бүгін, сәулесі мәңгі сөнбейтін жұлдызға айналған.

«Мәңгілікке өзіммен ала кеткен

Менің нәзік жанымды кім түсінер?» – деп аласұрған ақын, бүгін әр қазақтың сырлас досына айналғанын біле ме екен?!

«Поэзия!

Менімен егіз бе едің?

Мен сені, сезесің бе, неге іздедім?

Алабұртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім.

 

Махаббаттан іздедім, сағыныштан,

Арманымнан іздедім алып-ұшқан!

Сәттерімнен іздедім жаңылысқан,

Сені іздедім, жадырау, жабығыстан», – деп құдіретті өлең тылсымын қауашағына құйып, жүрегіне қондырып, жазған сиясын қанына айналдырған ақынның өлең-әлемі уақыт өткен сайын жарқырап, жақындаған сайын алыстап, сұмдық сұлуланып құбылып барады. Мұқағали жырлары уақыттың шарпуына қарылған сайын одан сайын жарқылдай түсіпті. Ақынның жауқазын поэзиясы жазда қырда құлпырып, қыстың қара суығында жылы күндерді сағынып, біздің жүрегімізде гүлдей береді.

Бүгінде самғауы биік қазақ жырының сырлы өлкесінен орын тепкен Мұқағали Мақатаевтың саңлақ үні халық санасына сіңді деп айтуға негіз бар. Ақынның шыншыл, сыршыл қоңыр дауысы әдебиет әлеміне орнықты. Өзімен-өзі арпалысқан мазасыз Ақын-жүрек миллион жүректі адамгершілік, суреткерлік жалын-жігерімен жылытып келеді.

Мақатаев жырлары – жан-дүниеміздің жап-жарық тұсына қойылған ескерткіш іспетті. Оның жүрегінен жылап өткен ел қасіреті аузынан қасиетті Сөз болып қайта аңқылдап тұр бүгін.

Теміртау қаласы білім бөлімінің «№9-лицейі» КММ,

   Нурмуратова Сымбат Абдиреймовна    
Бастауыш сынып мұғалімі