Қарағандыда Жұмабек Тәшенов жүлдесі табысталды

Кеше Қарағанды қаласындағы «Достық үйінде» жыл үздіктеріне Жұмабек Тәшенов жүлдесі табысталды. Дәстүрге айналған шара биыл 13 мәрте ұйымдастырылып отыр. Салтанатты кеште Қазақ елінің тұтастығын сақтап қалған қайраткер туралы жинақтың тұсауы кесілді, деп хабарлайды Saryarqanews.kz тілшісі.

Бұл еліміз үшін ерекше үлкен жоба десек болады. Қазақстанда азаматтардың өз белсенділігімен, талабымен атқарылып жатқан мұндай жобалар көп емес. Сондықтан да, осы шаруаның басы-қасында жүрген азаматтарға және Айтбай Ботпайұлына алғыс айтқым келеді. Бұл біздің азаматтығымыздың көрінісі. Биылғы жүлде Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында беріліп отыр. Азаттық үшін күрескен арыстан азаматтарымыздың бірі – Жұмабек Тәшенов. Сондықтан да жүлденің маңызы ерекше. Қайраткер тұлғаның суретіне зер салсаңыз, көзінен отанға деген махабаттың, халқына деген сүйіспеншілікті көресіз. Оты жанып тұр. Осындай от ел азаматтарының көзінен сөнбесін, - деді кешті құттықтау сөзімен ашқан облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

Осыдан соң филология ғылымдарының докторы, Алаштанушы ғалым Сағымбай Жұмағұловтың авторлығымен жарық көрген «Жұмабек Тәшенов» жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың жарық көруіне Арқаның атымтай жомарт азаматы, биылғы «Жомарт жүрек» байқауының «Жыл меценаты» номинациясының иегері Сапар Ибкеев демеушілік жасаған екен. Айта кету керек, бұған дейін дәл осы азаматтың демеушілік жасауымен қарағандылық жас ақындардың жыр жинақтары жарық көрген болатын. Кәсіпкер азамат Алаш арыстарының аманатын арқалап, Қазақ елінің амандығы үшін астындағы тағын құрбан етіп, қызыл империяның құрсауына қарсы тұрған Жұмабек Тәшеновке арналған игі шараның да 13 жылдан бергі тұрақты демеушісі болып келе жатыр.

Жұмабек Тәшенов өмірін зерттеп, зерделеуде таптырмас көмек болатын жинақтың тұсауы кесіліп, таныстырылымы өткен соң, кезек жыл үздіктерін марапаттауға берілді.

Қазақ халқының қаһарман ұлы, мемлекет қайраткері Жұмабек Ахметұлы Ташенев жүлдесімен Қазақстан Республикасының әдебиеті мен мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін жазушы Өмір Кәріп марапатталды.

- Үкіметтен шалғайда жатырмыз. Мемлекеттен марапат алып көрген кезім жоқ. Биыл азаттығымыздың 30 жылдығын атап өттік. Заманымыз жақсы. Ілгерілеп бара жатырмыз. Сол ауылда жатқан қорғаншақ жазушы Өмір Кәріпті мына Айтбай бауырым шақырып, аспанға шығарып, награттап жатыр. Екі роман жаздым, үшінші романды жазып жатырмын. Таяуды кітабым шықты, соны осы отырған азаматтарға естелік-сый ретінде тарту еткім келеді, - деп ағынан жарылған жазушы кеш қонақтарына қолтаңбасы қойылған кітаптарын тарту етті.

Бұдан соң «Ғылымға сіңірген еңбегі үшін» Жұмабек Тәшенов жүлдесімен Қарағанды университетінің оқытушысы, профессор Жандос Қожахметұлы марапатталды.

Сондай-ақ, жас ұрпақтың бойына патриоттық тәрбие мен азаматтық мінез қалыптастырудағы көп жылғы еңбегі үшін «Жылдың үздік қайраткері» аталымы бойынша Жұмабек Тәшенов жүлдесі жаңаарқалық ұстаз Нұргүл Шамаева, Марат Қанатұлы, Жандос Әшімұлы және кәсіпкер Серікжан Күнтуға табысталды.

Атамекенін ерекше қастерлеп, құрмет көрсеткені үшін Жұмабек Тәшенов жүлдесінің «Жылдың үздік патриоты» аталымы бойынша Нұрбану Баһадүрқызы және «Жылдық үздік журналисі» аталымы бойынша Жәнбек Садыхан марапатталды. Бұдан бөлек, елдегі татулық пен ынтымақыты сақтауға септігі тиген өзге ұлт өкілдеріне де арнайы жүлделер табысталды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы деп жатырмыз. Оның негізгі мәні де осы – арыстарымыздың есімін ардақтау, өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарға, патриоттыққа тәрбиелеу. Осы шараға үлес қосқан азаматтардың барлығына айтар алғысым шексіз. Бұл – қоғамдық сыйлық, тәуелсіз марапат. Ел ішінде халыққа еңбегі сіңген азаматтар болса бізге хабарласыңыздар. Төрге шығарып, қолымыздан келгенше құрмет көрсетуге тырысамыз. Өйткені, Жұмабек Тәшенов ел ішіндегі қарапайым еңбек адамдарын ардақтап, көмек көрсеткен. Осындай адамның үлгі-өнегесін жалғау – біздің парыз, - дейді Айтбай Жұмағұлов.

Жұмабек Тәшенов жүлдесі табыстауға арналған кеш мерекелік концертпен жалғасын тапты.