Қарағандыда Ordagen балаларға үшін кешенді контент өндіру жобасы таныстырылды

Қарағанды қаласындағы «Қасым үйі» шығармашылық орталығында Ordagen ұжымының балаларға арналған контент жобалары таныстырылды. Атап айтқанда, үш ертегілер жинағының тұсауы кесілді, сондай-ақ, мобильді қосымшалары мен ютуб жобалары көрсетілді, деп хабарлайды Saryarqanews.kz тілшісі.

Жоба авторларының бірі Айбек Қуатбаевтың айтуынша, елдегі балаларға арналған қазақша контенттің тапшылығы, дәл осы идеяның туындауына себепкер болған. Әйтсе де, істі бастап кету оңай болмапты. Әсіресе, маман тапшылығы көп кедергі болған екен.

- Мен өзім де бала тәрбиелеп отырған әкемін. Балаларым ес біліп қалған шақта оларға қызықты кітаптарды табу, мультфильмдерді көрсету қиын болды. Өйткені, сапалы дүние тым аз. Рас, ертеректе жазылған ертегілер көп қой. Десек те, қазіргінің балалары оларды түсінбейді. Әсіресе, қалада өскен бала ауыл өміріне тән бұйымдарды білмеуі мүмкін. Сәйкесінше ол затты елестете алмайды. Сондықтан да, бұл ертегілер қызықсыз болуы мүмкін. Ал, біз шама келгенше заманауи ертегілер жазып, сол контентті ұсынып отырмыз, - дейді Айбек Қуатбаев.

Түркістан қаласында бастау алған жоба осыған дейін 7 аймақта таныстырылған екен. Шығармашыл топтың бастамасын қарағандылықтар да жылы қабылдады. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайынның айтуынша, Ordagen ұжымының жұмыстарын аймақ басшылығы да қуаттап, қолдау көрсетуге ниетті екенін жеткізген.

- Бауыржан Момышұлының «Ертегі айтатын ата-әжелердің, бесік жырын жырлайтын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын» деп өткен ғасырда айтқан сөзі бар. Қазір тез өзгеріп жатқан жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Сырттан ағылған ақпаратта есеп жоқ. Олардың қайссы дұрыс, қайссы қате екенін бала тұрмақ үлкендердің өзі айыра алмай қалатын сәттер болады. Сондықтан да өзіміздің ұлттық бет-бейнемізді, кескін келбетімізді сақтап қалу үшін ұлттық құндылықтарымызға ден қоюмыз керек. Бұл жобаның өзектілігі де сол – осы талаптарға сай келуі, - деді Ерлан Бейсенбайұлы.

Жоба жетекшісі Парасат Таненнің айтуынша, бүгінге дейін 11 ертегі кітап жарық көрген екен. Келесі жылы бұл межені 30-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, санға ғана емес сапаға да ерекше мән берілуде.

- Біз 150-ге жуық автордың ішінен 40 адамды іріктеп алдық. Қазіргі таңда қорымызда мыңнан астам заманауи шығарма бар. Олардың ішінде жүзге жуығы шетелдік танымал туындының аудармасы. Екі жүзге жуығы фантастикалық әңгіме, қалғаны ертегілер. Сондай-ақ, біз мобильдік қосымшаны да іске қостық. Кітапты таба алмаған адамдар сол қосымшаны жүктеп алып, ертегілерді онлайнда оқып немесе аудио нұсқаны тыңдай алады. Бұдан бөлек, ютубе желісінде ашылған парақшамызда мультфильмдер жүктелуде. Келесі жылы алғашқы мультфильмдеріміз «Балапан» арнасы арқылы кішкентай көрермендерге жолтартады, - дейді Парасат Танен.

Оның айтуынша, кітапты шығаруда ең басты кедергі кәсіби суретшіні табу болған екен. Бұл ретте суретшіге қазақ тілін білу, ұлттық танымды түсіну деген талап қойылған. Өйткені, сапалы сурет сыза алатын бірақ тілі бөлек, дүниетанымы бөлек азаматтардың қолынан шыққан туындылар ұлттық болмысты бере алмайды екен. Сәйкесінше, қазақ тілді ортаның сұранысына ие болмаған. Сондай-ақ, жобаны жүзеге асыру барысында балалар психологтарының ұсыныс-пікірлері де басты назарда болыпты.

Жинақтың тұсаукесеріне зиялы қауым өкілдері, ата-әжелер, кітапханашылар мен мәдениет саласының қызметкерлері қатысты. Аудандық кітапханалар мен мәдениет үйлері зум арқылы онлайн байланысқа шықты. Олар кітапқа қатысты өз ойларын ортаға салып, авторлардың жұмысына сәттілік тіледі.