Ибрагим Бекмаханұлы атындағы І облыстық жыр мүшәйрасы қорытындыланды

Сырда туып қазақ поэзиясының көгіне қырдан қанаттанған өзінің баладай аңғалдығымен саналы ғұмырын өлеңге арнаған аяулы ақын Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫНЫҢ фәниден бақиға аттанғанына көп болған жоқ. Мерейлі 70 жасын өзін қаламгер ретінде қалыптастырған Арқа төрінде атап өтпекші еді жарықтық. Дегенмен, ел-жұрты мен соңындағы іні-бауырлары ағаның көзі болмаса да мерейтойын ескерусіз қалдырмады. Сүлейлердің мекені Сыр өңірінен басталған ақынның мерейтойына арналған шығармашылық кештері Бетпақдаладан асып, Қарағандыға жетті. Шәкірті, қарымды қаламгер облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы Ерсін МҰСАБЕК бастаған қаламдас бауырлары ағаның тойын Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында дүбірлетіп өткізді. Ол Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің 90 жылдығына орай «Saryarqa aqparat» медиа холдингінің қолдауымен Мағауия Сембай атындағы журналистерді қолдау қоры ұйымдастырған «Тәуелсіздік тәтті ұғым, шырын дәмі» атты I облыстық жыр мүшәйрасы еді. Бұған дейін «Орталықтай» ордалы басылымның 90 жылдық аясында қаншама игі шара ұйымдастырғаны бұқараға мәлім. Ал, осынау ақын рухына арналған жыр мүшәйрасы соның қорытындысы.

Шараның түндігін «Болашақ» жоғарғы колледжінің студенттері ақын өлеңдерін жатқа оқып түріп берді. Аға тойында тізгін ұстаған Ерсін Кәрібайұлы оның өткеніне шолу жасап, бүгінгі мұрасын баян етті. Ақынның жары Мәкеш Бекмаханованың кеудесіне «Saryarqa aqparat» медиа холдингінің директоры Қамбар Жұмағалиұлы басылымның 90 жылдық мерейтой медалін тағып, құрмет көрсетті.  Аталмыш ақындар байқауында 40 тан астам жыр жүйрігі бақсынасқан болатын. Сайысқа қатысқан әр ақын Ибрагим ағаға, Тәуелсіздікке, «Орталықтың» 90 жылдығына және еркін тақырыпта өлеңдерін ұсынды.  Ақындар жырларына төрелік етер қазылар қатарында ақындар Ілияс Мұқай және Руслан Нұрбай, сондай-ақ, белгілі қаламгер, «Қасым» журналының Бас редакторы Серік Сағынтай болды. Шара барысында ақынның қаламдас досы ардагер журналист Қасым Орынбетов ақын жайлы тың естеліктерімен бөлісті. Ақын әлеміне бойлаған жұртшылықты Тәттімбет өнер колледжінің студенті Айбек Тәттімбет әуелеген әнімен одан сайын тебірентіп салды. Мұнан соң сайыстың ынталандыру сыйлығын (30 мың теңге) Қазақстанның Құрметті журналисі Ибрагим ағаның әріптесі, Серік Сенсенұлының қолынан әріптесіміз Нұрдос Кәрім, Асхат Қажытай, Мұқағали Сейітқазы алды.

Шараның көркіне айналған сонау Алматы шаһарынан арнайы келген әнші Талант Құрманғалиев ақынның сөзіне жазылған әндерімен тыңдарман жұрттың жүрегіне жол таба білді. Оның ақынның 12 өлеңіне бірдей ән жазған талантты сазгер екенін атап өтпеске болмас.  

 – Газеттің 90 жылдығы аясында арнайы ұйымдастырылып жатқан шараның бірі бұл. Биылғы ағамыздың мерейтойы жыл түйіндейтін қорытынды шара десе де болады. Ибрагим ағаға тоқталар болсақ, ағамыз көп жылын осы қарашаңырақта өндіріс және экономика бөлімі басшылығында қызмет етумен өткерді. Ол өзінің ақындығымен де, журналистік жорғалығымен де оқырман ықыласына бөленген жан. Осы жылдың маусым айында жасы 70 ке келер еді. Тойланбаған жетпісін қазыналы Қарағанды төрінде атап өтейік, сол кісінің атында осындай байқау ұйымдастырайық деген ниетпенен М.Сембай атындағы журналистерді қолдау қорының қаржысына осындай деңгейде арнайы шара ұйымдастырылды. Осыған орай қатысқан 40-қа жуық  ақындар арасынан іріктеп, 10 ақынды алдарыңызға үкілеп әкелдік, – деді Ерсін Кәрібайұлы.

Осылайша, көптен күткен III орын жеңімпаздары да саханаға шақырылды. Олар Айдын Байыс пен Дәуренбек Бұланбаев. Марапатты (75 мың теңге) арнайы газет ардагері Сүйіндік Жанысбай ағамыз табыстады. Ал, II орын иегерлері деп Абай Ораз бен Мақсат Күземхан танылды. Оларға 150 мыңдық ақшалай диплом берілді. Жиылған қауымның екі көзі төрт болып тағаттары таусыла күткен I орын иегері де анықталды. Мүшәйраның 250 мыңдық дипломын белгілі ақын Қайрат Асқаров  олжалаған екен. Бас жүлденің 500 мың теңге сертификаты  Саят Тұяқбайға ұсынылды. Ал, отабсы атынан жеке тағайындалған 300 мыңдық сыйақы әріптесіміз, ақын Жәлел Шалқарға табысталды. Бұл сыйды арнайы Ибрагим ағаның жары Мәкеш Бекмаханова табыстады.

 Өлеңімен өмірін өрген ақын Сыр мен Қырда қатар танылып, Ұлытау мен Қарқаралы арасында өшпес ізі мәңгіге қалды. Ендігі жерде Ибрагим ағаның ел жүрегіндегі екінші өмірі басталды. Ақын рухына арналған кеш осыны баяндар көп айғақтың бірі ғана. Жиыннан соң жиылған қонақтар ақын құрметіне жары Мәкеш Бекмаханова жасаған Құдайы асқа барып, құранға қол жайды.