Енді кәмелетке толмаған балаларға қысым көрсеткендер түрмеге қамалуы мүмкін. Ішкі істер министрлігінің мамандары балабақшадағы және мектеп жасындағы балаларға жәбір көрсеткен педагогтерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынып отыр. Мұны естіген халық пікірі екіге бөлінді, деп хабарлады "Информбюро" жаңалықтар қызметі.
Бес жыл бұрынғы осы жайттан соң басы пәлеге қалып, жұмысынан қуылған Аятжан Ахметжанұлы мұғалімнің баланы ұрғанына мүлдем қарсы. Бірақ, кейде тәртіпке шақыру үшін нұқып немесе өзі секілді жеңінен тартып қалуы мүмкін. Егер көкала қойдай қылып сабап, тепкінің астына алып жатса қылмыстық жауапкершілікке тартылсын дейді. Әйтпесе, пәлеқорлық көбейеді деп отыр.
АЯТЖАН АХМЕТЖАНҰЛЫ, №90 мектеп-гимназия директоры:
– Дәл осы бапты бала керісінше өзінің қажетіне тырнақшадағы қажетіне жаратуы мүмкін да. Нақты бапты ашу керек. Егер тәрбиеші немесе педагог оқушыға қол жұмсап, мерттіктірсе немесе көгертсе, арнайы сабаса деген сияқты бір бапты қылмыстық жазаға келісемін.
Қазақстанда әлі күнге балабақшадағы баланы аямай ұрып-соғатын тәрбиешілер жетерлік. Конституцияның он жетінші бабында ешбір азамат өзге адамнан жәбір көрмеуі тиіс деп жазылғанымен ешбір заңнамамен бекітілмеген. Ішкі істер министрлігінің ұсынысы соны көздейді. Консультативті құжатта Қылмыстық Кодекстің жүз қырық алтыншы бабы бойынша азаматтарға қысым көрсеткенде тек лауазымды тұлғалар ғана емес, қатардағы қызметкерлерді де жазаға тарту ұсынылған. Ол қатарға педагог, медбике, санитар, техникалық қызметкер секілді мамандық иелері кіреді. Бірақ қоғамның толық талқысынан өтпегендіктен, Ішкі істер министрлігінің өкілдері ақпарат бере алмаймыз деді. Ал, қатаң жазаға қатысты халықтың пікірі әр түрлі.
Ішкі істер министрлігінің ұсынысы электронды үкімет порталына жарияланғанымен, халық пен депутаттар енді талқылайды. Яғни, әлі де жан-жақты зерттеліп, ұсыныстар қаралуы керек. Сондықтан, әзірге бұл ешқандай нормативті құжат немесе заң жобасы емес. Заңдық күшіне енбеген ұсыныс қоғамнан қолдау тауып, Парламент қарауына өте ме, жоқ па әзірге белгісіз.