Жапониялық жомарт жанның әрекеті көпті таңғалдырды

Жапонияның Осака қаласының тұрғындары пошта жәшіктерінен ақша салынған конверттер тауып ала бастаған. Бұл жағдай бірнеше ай бойы қайталанып келеді екен. Әрі конвертке салынған ақшаның сомасы да әртүрлі. Белгісіз жомарт жанның әрекеті көпті таңғалдырды.

Ішіне ақша салынған қоңыр түсті конверттердің кейбірінде жүз иен болса, өзгелерінде он мың иен бар екен. Ал, бір тұрғын 13 мың иен (48 мың теңге көлемінде) ақша алыпты. Тұрғындардың көпшілігі пошта жәшігінен ақша тапқан соң, бірден полицияға хабар берген. Бүгінге дейін, полицияға хабарласқан тұрғындардың 200 мың иен (750 мың теңге) көлемінде қаражат алғаны анықталды. Бірақ, жомарт азаматтың кім екені белгісіз.

Тәртіп сақшылары тұрғындардың ешқайда хабарламай, ақшаны өз қалауларынша жұмсай беруіне болатынын айтуда. Алайда, көптеген адамдар оңай жолмен келген қаражатты алудан қысылатынын жеткізіп, ақшаны полицияға тапсырған.