Зеленский: "Егемендік, аумақтық тұтастық мәселесі өзгеріссіз қалады"

Интернет желісінен

Украинаның Ресей Федерациясымен келіссөздердегі басымдықтары өзгеріссіз қалады – егемендік, аумақтық тұтастық және қауіпсіздік мәселелері. Бұл туралы дүйсенбіде Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Украин басшысының телеграм каналына сілтеме жасап.

«Алда келіссөздердің жаңа раунды, біз бейбітшілікті қалаймыз. Маған мәлім болғандай, Түркия аумағында бетпе-бет кездесу мүмкіндігі пайда болды. Бұл жаман емес. Нәтижесін көрейік. Біздің басымдықтарымыз белгілі. Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығы күмәнсіз. Мемлекетіміз үшін тиімді қауіпсіздік кепілдіктері міндетті. Біздің мақсатымыз да айқын – бейбітшілік пен қалыпты өмірді тез арада қалпына келтіру», - деді Зеленский видео үндеуінде.

Еске салсақ, Ресей делегациясының басшысы, президент көмекшісі Владимир Мединский Ресей мен Украина делегациялары келіссөздердің кезекті раундын 29-30 наурызда өткізу туралы шешім қабылдағанын хабарлаған болатын. Бұған дейін де екі ел арасында бірнеше келіссөз өткізілді, бірақ айтарлықтай нәтиже болған жоқ.