Қырғызстанда жас қызды алып қашып өлтіргендерге үкім шықты

Бішкектің Первомай аудандық сотында сәуірде зорлық көрсетіліп, артынша буындырып өлтірілген Айзада Қанатбекованың ісі бойынша үкім шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kg. арнасына сілтеме жасап. 

Судья Салтанат Есенқұлова барлық сотталушы кінәлі деп танылған үкімді оқыды. 

Соған сәйкес, Замирбек Раманқұлов пен Кубаныч Токон уулу 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Әжікабыл Рысбай уулу, Сыймык Молдосариев, сондай-ақ Орузбек Нұрымбетовті сот 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Сот барлық айыпталушыдан моральдық және материалдық залал ретінде 100 мың сом өндіріп алу туралы шешім қабылдады.

Адвокат Әсел Рысбаева жәбірленушілер сот үкіміне риза екенін жеткізді.

Айта кетсек, 5 сәуірде Қырғызстанда бір топ ер адам 27 жастағы Айзада Қанатбекованы ұрлап әкеткен болатын. Екі күннен кейін оны алып қашқан ер адамның қызды өлтіріп, өзіне қол салғаны белгілі болды. Екі мәйіт бар автокөлік Бішкек маңынан табылды. Содан кейін қызды алып қашуға қатысы бар 4 күдікті қамауға алынды. Қырғызстанда ішкі істер министрі Ұлан Ниязбеков пен елордалық ішкі істер басқармасы басшылығының отставкаға кетуін талап еткен митингтер өтті. Қырғызстандықтар Айзаданы ұрлап кеткен сәттің бейнежазбасы болғанына қарамастан, халық милицияның кісі өлтірудің алдын алмағанына наразы болды.