Facebook компаниясының мамандары әлеуметтік желідегі ақаудың себебін түсіндірді

Кеше ел тұрғындарының көпшілігі  Facebook, Instagram және WhatsApp әлеуметтік желілеріне кіре алмаған болатын. Бірнеше сағатқа созылған ақау түн ортасы ауған шақта барып жөнделді. 

Компания инженерлерінің айтуынша, ақаудың туындауына күнделікті жұмыс барысында қолданылатын ішкі құралдар мен жүйелердің дұрыс жұмыс істемеуі себеп болған. Бұл мәселені жедел анықтап, оны шешуге айтарлықтай қиындық келтіріпті. Яғни, ішкі баптауларды өзгерту барысында жіберілген қатенің себебінен әлеуметтік желідегі ақпарат алмасу тежеліп, желінің жұмысы тоқтатылған. 

Туындаған мәселеге байланысты Faccebook компаниясының басшысы Марк Цукерберг түсініктеме беріп, қолданушылардан кешірім сұрады. 

"Facebook, Instagram, WhatsApp және Messenger қайтадан жұмыс істей бастады. Бүгінгі үзіліс үшін кешірім сұраймын: сіз жақсы көретін адамдармен байланыста болу үшін біздің қызметтерге қаншалықты сенетініңізді білемін", - деді ол.